Саран қаласында автобус пен электробус шығарыла бастады
Yutong маркалы автобустар 30-дан астам елде пайдаланылады
Үкімет басшысы Асқар Мамин Қарағанды облысының Саран қаласында автобустар, электробустар мен арнайы техника шығаратын QazTehna зауытының ашылу рәсіміне қатысты.
Кәсіпорын әлемдегі аса ірі автобус өндіруші Yutong компаниясымен серіктестікте құрылған. Жобаның құны шамамен 23 млрд теңгені құрайды, мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Жылдық жобалық қуаты – 1200 автобус пен электробус, сондай-ақ 500 бірлік арнайы техника.
Зауытта бірнеше өндірістік циклдарды: дәнекерлеуді, бояуды, құрауыштарды шығаруды, зерттеу орталығын, сондай-ақ техниканы сынау және тексеруге арналған тректі іске қосу қарастырылған.
Yutong маркалы автобустар 30-дан астам елде пайдаланылады. Техника қоғамдық тасымалдау саласындағы барлық әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келеді. Автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы пандустармен, орындармен, электронды билет беру және бақылау жүйесімен жабдықталған.