Алматыда сауда орталықтары жексенбі күндері жұмыс істемейді

Автор: Azattyq Rýhy

Вице-премьер Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалмен танысты

Ералы Тоғжанов, Бақытжан Сағынтаев, фото: pm.kz

Бүгін вице-премьер Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Алматы қаласына барып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірлесіп, 70-тен астам аурухана мен емхананың бас дәрігерлерінің қатысуымен бейнебайланыс режимінде ауқымды жиналыс өткізді.

Жиын қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов нақты тапсырмалар берді:

  • қызметкерлер саны 15 және одан да көп адамды құрайтын ұйым қызметкерлерінің 60-80%-ын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қосымша кезекші топтар, қала мектептерінде кезекші сыныптар ашуды тоқтата тұру;
  • жексенбі күндері санитарлық күнге жабыла отырып, СОО, сауда объектілерінің жұмысын сенбі күні сағат 17.00-ге дейін шектеу;
  • қоғамдық тамақтану объектілерінің, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан нысандардың қызметіне сағат 7:00-ден 23:00-ге дейін, ұжымдық іс-шаралар өткізбей, бас санитар дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, отыратын орындар саны 50-ден аспаған жағдайда қызметіне рұқсат ету;
  • өнеркәсіптік, құрылыс, көлік кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмысқа жеткізу және тасымалдау үшін ұйымдарға қызметтік көлікті ұсыну;
  • бас санитар дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі күндері сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін жұмыс кестесін белгілей отырып ХҚКО жұмысын ұйымдастыру;
  • тестілік режимде жұмыс істеу кезінде белгіленген шектеу шараларын сақтай отырып, туризм объектілерінің жұмысын жалғастыру.