Наурызда министр жалақы өзгермейтіні туралы бұйрық шығарған еді
Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари ОКҚ-да өткен брифингте қашықтан оқытуға байланысты мұғалімдердің жалақысы қысқаратыны туралы ақпаратқа пікір білдірді.
Рүстем Биғари ведомство басшысы Асхат Аймағамбетовтің сөзін негізге алып, қашықтан оқыту жағдайына байланысты педегогтердің жалақысы қысқармайтынын айтты.
«Нақты жағдай бойынша қарастыру керек. Егер нақты қай мұғалімнің жалақысы қысқарғаны туралы ақпарат болса – біз оны егжей-тегжейлі қарап, сіз айтқан мәселеге қатысты тиісті қорытынды шығарамыз», - деді ол БАҚ өкілдеріне жауап беріп.
Еске сала кетейік, бұл сұраққа пандемия басталған тұста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берген болатын.
«Қашықтан оқыту жалақыға әсер етпеуі керек. Себебі, мұғалімдер бұрынғыдай жұмыс жүргізеді. Тіпті, жұмыс көлемі артып та кетті. Сондықтан жалақы өзгермесін деп бұйрыққа бекіттік», - деген еді министр.