Бастапқыда жоба пилоттық режимде 530 білім беру ұйымында іске қосылды
Қазақстандағы білім беру ұйымдары «бұлтты» технологияларға көшуде. Жаңа жүйенің артықшылығы еліміздің әрбір азаматы мектеп бюджеті туралы ақпаратты біле алатынында болып отыр.
Таяу күндері ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова «бұлтты» бухгалтерияның ерекшеліктері туралы айта келе, не себепті білім беру саласындағы бюджет ашық болуы тиіс деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, бұл жобаны барлық білім беру ұйымдарына 2021 жылы енгізу жоспарланып отыр.
«Білім беру саласы мемлекет тарапынан ең көп қаржыландырылатын салалардың бірі екенін ескере келе, біз үшін бюджеттік процестерді жоспарлау мен орындауды автоматтандыруға толығымен көшіру аса маңызды болды. Ал «бұлтты» бухгалтерияны енгізу әр білім беру ұйымы базасынан бюджеттік қаражаттың өз мақсатына сай жұмсалуы туралы ақпаратты көруге мүмкіндік беріп, жемқорлық тәуекелдері мен негізсіз ақша жинау деректерін азайтады. Сонымен бірге, бюджеттің атқарылуын автоматтандыруға көшіру арқылы мұғалімдер жалақысы мен оларға берілетін өзге де төлемдердің дұрыс есептелуіне қол жеткізуге болады», - дейді вице-министр.
Бастапқыда жоба пилоттық режимде 530 білім беру ұйымында іске қосылған, оның ішінде 213-і – Нұр-Сұлтанда, 236-ы – Павлодар облысында және 81-і Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылды. Пилоттық қолдану кезінде білім беру басқармалары мен білім беру ұйымдарының басшылары «бұлтты» технологияларға оң баға берген.
Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласындағы пилоттық жоба 2017 жылы іске қосылған болатын. Қалалық білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың сөзінше, осы уақыт аралығында шамамен 2 млрд-қа жуық бюджеттік қаражат үнемделіп, астаналық білім беру ұйымының қаржылық қызметінің жұмысы жақсарған, сонымен бірге бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу тәртібіне қатысты болуы мүмкін заңбұзушылықтар саны азайып, жыл сайынғы бақыланбайтын шығындар тәуекелі азайған.
«Бұлтты» бухгалтерияны енгізу арқылы әр азамат ұйымның бюджеті туралы ақпаратқа, ал мемлекеттік органдар шынайы деректерге қол жеткізе алады. Бұл қабылданған шешімдердің сапасына әсер ететіні сөзсіз. «Бұлтты» бухгалтерияның көмегімен біз жалақының дұрыс есептелмеуі, қаржылық заңбұзушылықтар, жоспарлау кезіндегі субъективтілік, қаржыландыру және тағы да басқа көкейтесті проблемалардан біржола құтыла аламыз», - деп сөзін түйіндеді Бибігүл Асылова.