Қазақстанда 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған

Оларды жүзеге асыру үшін 115 млрд теңге қажет

Қазақстанда 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған
Көрнекі фото: qazsu.kz

Қазақстанның тоғыз өңірінде 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларды шешу перспективалары» тақырыбындағы Сенаттағы үкімет сағатында мәлімдеді.

«9 өңірде жалпы көлемі жылына 3,6 млрд текше м болатын 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оларды жүзеге асыру үшін 115 млрд теңге қажет», - деді М. Мырзағалиев Үкімет сағатында.

31 су қоймасы іске асырылу сатысында, оның ішінде: бірінде құрылыс жүргізілуде (Кеңсай-Қосқорған), 28-і бойынша техника-экономикалық негіздеме әзірленуде, 3-уі бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде (Қараөзек, Күміскеткен, Бузулук).

Су қоймаларын салу 70 елдімекен үшін су тасқыны қаупін азайтуға, жаңа суармалы жерлерді 394 мың гектар айналымға енгізуге, ауыл шаруашылығы саласында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ трансшекаралық өзендердің суына: Қырғызстаннан - 30%-ға дейін, Өзбекстаннан - 25%-ға, Ресейден - 15%-ға дейін тәуелділіктен арылуға мүмкіндік туады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.