Қазақстан ауылдары қашан толықтай сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі?
Ауылдардағы интернетке қолжетімділік және Қазақстанда киберспортты дамыту мәселелері талқыланды

Бүгін елордада ҚР Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповскихтың төрағалығымен жастар мәселелері жөніндегі партиялық комиссияның отырысы өтті.
Отырыс жұмысына уәкілетті органдардың және «Қазақтелеком» өкілдері, Қазақстанның киберспорт федерациясы, қоғам қайраткерлері қатысты.
Отырыс аясында комиссия тәлімгері Г. Шиповских пандемия цифрландыру саласындағы олқылықтарды көрсеткенін атап өтті. Онлайн оқыту үшін бірыңғай платформаның болмауы, сайттардың әлсіз жұмысы, сонымен қатар, барлық ауылды қамтитын кең жолақты интернеттің болмауы. Интернет болса да, оның сапасы мен жылдамдығы қанағаттандырмайды.
«Қазір Қазақстанда 1000-нан астам ауыл интернетпен қамтылмаған. Бұдан ең бірінші зардап шегетін - оқушылар. Елдегі кенттер мен ауылдарда ұялы байланыстың сапасы бойынша өткір мәселелер бар», - деп атап өтті Г. Шиповских.
Отырысқа қатысқан «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов, қазір ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазір 2086 ауыл жоғары оптикалық талшықты магистральдармен жабылған. Бұл ең жақсы және жылдам интернетті пайдалануға мүмкіндік береді. Тез арада 985 ауылға интернет өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Одан бөлек, кездесуде елдегі киберспортты дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанның Киберспорт федерациясының өкілдері қазақ тілін киберспорт арқылы дамытуды ұсынды.
«Киберспорт ауылдық ортада да танымал. Киберспорт арқылы ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізе алады. Кейбіреулер үшін бұл әлеуметтік лифт, жаңа қызмет саласы болуы мүмкін. Жастардың IT индустрияға деген қызығушылығын арттырады», - деді «Qazaq Cybersport Federation» даму жөніндегі директоры Бауыржан Садиев.
Бейнеконференция арқылы өткен жиынға басқа өңірлерден де қатысушылар болды. Маяк кентінің тұрғыны (Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы) Диас Буржукпаев интернеттің жоқтығынан бірнеше ай бойы қаладағы жатақхананың бірінде тұрып жатқанын атап өтті.
«Жатақханада тұрғаным үшін айына 6500 теңгеден төлеймін. Біздің ауылда тек мобильді интернет бар, бірақ оның жылдамдығы онлайн оқу үшін өте төмен. Дәл сол себепті мен 4 айдан бері қалада тұрып жатырмын. Біздің ауылға интернет жүргізуді сұраймын», - деді ол.
Татан ауылының тұрғыны (Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы) Фархат Мейраш та ауылында интернет жоқ екенін және ондағы жастар бұл тығырықтан шығу үшін түрлі жол іздеп жүргенін айтты.
«Бізді қашықтықтан оқытуға көшірген сәттен бастап интернет туралы мәселе туындады. Біздің ауылда ол мүлдем жоқ. Осы себепті бірнеше айдан бері отбасым туған ауылымда, ал мен Қарағандыда пәтер жалға алып, тұрып келемін. Бұл ең алдымен қалтаға салмақ және ата-анам уайымдайды», - дейді Фрахат Мейраш.
«Қазақтелеком» өкілі Нұрлан Мейірманов аталған ауылдарға сапалы интернет жүргізуді жеке бақылауына алынатынын мәлімдеді.
Отырыс барысында көтерілген мәселелердің өткірлігіне және бұл салаға жауапты негізгі орган болса да, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен комиссия отырысына ешкім келген жоқ.