Бірінші кезекте коронавирустық инфекциямен күресуге бағытталған іс шаралар қаржыландарылады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін 2021 жылы - 2 700 млрд теңге, 2022 жылы - 2 400 млрд теңге, 2023 жылы - 2 200 млрд теңге сомасында белгілеуді ұсынды, деп хабарлайлы Azattyq Rýhy тілшісі.
Сонымен қатар 2020 жылы номиналды ЖІӨ 69,8 трлн теңге көлемінде бағалануда. Ол бұрын нақтыланған көрсеткіштен 102 млрд теңгеге жоғары.
«Экономиканың нақты секторының салалары бойынша өсу болжамы жақсарды. Құрылыстың 6,5%-ға, ауыл шаруашылығының 4,9 және өңдеу өнеркәсібінің 3,7%-ға өсуі болжануда. Мұнайдың есептік бағасын ескере отырып, болжамдық бағаны 20 доллардан 40 долларға дейін арттыру ұсынылады. Қаңтар-қыркүйекте мұнайдың орташа бағасы бір баррельге 42 долларды құрады. Нақтыланған жоспар бойынша мұнай өндіру көлемі 85 млн тоннаны құрайды.
Тауарлар экспорты 45,5 млрд долларға дейін артып, импорт 33,8 млрд долларды құрайды. Осылайша, оң сауда теңгерімі 3,2 млрд-қа ұлғайып, 11,7 млрд долларға сай келуі мүмкін», - деді Руслан Дәленов.
Министр өз сөзінде республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2020 жылы 6 539 млрд теңгені құрайтынын болжады.
«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 4 770 млрд теңге көлемінде сақталады. Республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 205 млрд теңгеге ұлғайып, 14 475 млрд теңге көлемінде болжанып отыр», - деді министр.
Бірінші кезекте коронавирустық инфекциямен күресуге бағытталған іс шаралар қаржыландарылады.
Қосымша бөлінетін бюджет қаражаты «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламаларын жүзеге асыруға және экономиканың нақты секторларын қолдауға жұмсалмақ. Бұл туралы Қаржы және бюджет комитетінің Александр Суслов айтып өтті.
«2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы аясында ҚР Ұлттық экономика министрі елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын пысықтады.
Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлауға базалық сценарий пайдаланылды. Онда жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 4%-ды құрайды. 2021 жылы ЖІӨ 2,8%-ға өсуі тисіс. Ал 2025 жылы ол 4,6%-ға жетеді.
Номиналды жалпы ішкі өнім 2021 жылы 76,7 трлн теңгені, ал 2025 жылы – 104,8 трлн теңгені құрайды.
2021 жылы мұнай өндірісі 86 млн тоннадан 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін өседі.
Барлық базалық салаларда оң өсім күтілуде.
Өңдеу өнеркәсібі жылына орта есеппен 6,7%-ға артады. Орташа жылдық өсу қарқыны ауыл шаруашылығында - 6,2%-ды, саудада - 5,5%-ды құрамақ.
Тауарлар экспорты 2021 жылы 41,4 млрд долларға тең келіп, 2025 жылы 51,5 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін. Импорт 2021 жылғы 36,3 млрд доллардан 2025 жылы 37,8 млрд долларға дейін өседі.
Әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары инвестициялық және бизнес ахуалды жақсартуға, сапалы адами капитал және теңгерімді өңірлік дамуға бағытталған.
2021-2023 жылдарға арналған үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде келесі болжамды параметрлер қолданылады.
Осы макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде келесі бюджет параметрлерінің болжамы қалыптасты.
Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 6 926 млрд теңгені, 2022 жылы – 8 566 млрд. теңгені, 2023 жылы – 9 217 млрд. теңгені құрайды.
Кепілдендірілген трансфертті 2021 жылы – 2 700 млрд теңге, 2022 жылы – 2 400 млрд теңге және 2023 жылы – 2 200 млрд теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылады.
Даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту сұралады.
Осылайша, болжам бойынша түсімдер 2021 жылы 11,4 трлн теңге, 2022 жылы – 11,8 трлн теңге, 2023 жылы – 12 трлн теңгені құрайды.
Республикалық бюджеттің шығыстары 2021 жылы 14 049 млрд теңге, 2022 жылы 13 873 млрд теңге, 2023 жылы 13 889 млрд теңге көлемінде болады деп болжануда.
Аталған заң жобалары Мәжілістің жалпы отырысында мақұлданды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан