ДСМ өкілі Тоқаевтың сынына жауап берді

Қазақстан ПТР-тестілеу санын күніне 67 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр

ДСМ өкілі Тоқаевтың сынына жауап берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, ПТР-тестінің саны 40 мыңнан 67 мыңға дейін көбейтіледі. Қазір 60 теңге тұратын бетперденің бағасы арзандайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.

«Президент ПТР-тестін көбейту және медициналық маска бағасын арзандату туралы тапсырма берді. Мәселен, біздің елде бір маска құны 60 теңге болса, көрші Ресейде 20-30 теңге екен. Қаржыға байланысты сұрақтарға басқа министрліктер жауап беретін болады. Қазір күніне 40 мың ПТР-тестін тапсыруға мүмкіндік бар. Жыл соңына дейін оның мөлшерін күніне 67 мыңға өсіру көзделіп отыр. Бұл елімізді індеттен қорғауға мүмкіндік береді», - деді министрліктің ресми өкілі.

Айта кетерлігі, өткен аптада Италия, Германия және т.б. Еуропа елдерінде індетке шалдыққандар саны 60%-ға өскен. Осыған байланысты, министрліктің ресми өкілі гигиеналық талаптарды сақтау қажеттігін ескертті. 

«Соңғы тәулікте Беларустьегі жағдай қиын болып тұр. Ресейде 11 615 адам коронавирус жұқтырған. Түркияда тәулігіне 1 603 адам инфекция жұқтыруда. Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерде Қазақстанмен салыстырғанда науқастардың саны 13 есе көп. Сондықтан өте сақ болу керек», - деді Бағдат Қожахметов.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізіп, халықты тестілеуден өткізу қарқыны төмендегенін, бұл нақты жағдайды білуге кедергі болатынын айтқан еді.

Сондай-ақ Бағдат Қожахметовтың айтуынша, Үкімет Қазақстанға түрлі елдерден келген жолаушылар үшін мемлекет резервінен 1,5 млн қосымша ПТР-тест сатып алған.

«ПТР-тесттер сатып алынды және қазір олар дәл осы мақсатта пайдаланылып жатыр», – деді Кожахметов.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев министрдің (ДСМ - авт.) бұйрығымен бекітілген ПТР-тест тарифі 11,5 мың теңгені құрайтынын айтты.

«Сырттан келген, науқаспен байланыста болған және коронавирус анықталған барлық пациентке ПТР-тестілері мемлекет резерві есебінен бөлінген қаражат шеңберінде жүргізіледі. Ал, тиісті белгілері бар, яғни жедел медициналық көмекке жүгінген, қабылдау бөліміне барған пациенттерге тиісті ақша Медсақтандыру қорынан беріледі. ПТР-тестілеу қызметтерін сатып алуға және көрсетуге барлығы 13 млрд теңге бөлінді», - деп қорытындылады Сұлтанғазиев.

Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.