Тоқаев коронавирустың екінші толқынына дайындық бойынша 6 мәселеге тоқталды
Тоқаев Үкімет мүшелерімен кеңес өткізді
Мемлекет басшысы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Бүгін біз еліміздегі эпидемияға байланысты ахуалды және коронавирустың екінші кезеңіне дайындық барысын талқылау үшін жиналып отырмыз. Алғашқы кезеңде жіберілген қателіктерді талдауға уақытымыз жеткілікті болды. Жалпы, эпидемияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинадық. Бұл тәжірибені мейлінше тиімді пайдалануымыз керек», - деді Үкімет мүшелеріне қарата.
Тоқаевтың айтуынша, жалпы, Үкімет осындай күрделі ахуалда өз жұмысын тиімді, сәтті жүргізуде.
«Баршаңызға аян, қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек», - деді ол.
Президент індетке қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын айтты.
«Ең бастысы, тәжірибеміз бар. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Өңірлердің дайындығын айқындайтын индикаторлар жүйесі енгізілді. Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бұл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады. Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын. Еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. Халықаралық қауымдастық ұлттық вакцина әзірлеу жөніндегі жұмыстарымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Бірақ, елдегі жағдай тұрақталғанымен, босаңсуға болмайды. Жаз айларындағы күрделі ахуалдың зардаптарын естен шығармағанымыз жөн. Өкінішке қарай, азаматтарымыз, тіпті, жергілікті билік өкілдері сақтық шараларын ұмыта бастады», - деді ол.
Эпидемияны ауыздықтау оңай шаруа емес екенін, оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту маңызды міндет екенін айтқан Мемлекет басшысы жан-жақты ойластырылған және нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Осы орайда Президент бірқатар түйткілді мәселелерге толығырақ тоқталды.
БІРІНШІ МӘСЕЛЕ. Халықты тестілеуден өткізу қарқыны төмендеген. Күніне орта есеппен, 40 мыңнан 60 мыңға дейін зерттеу мүмкіндігі бар 18 мың зерттеу жүргізіледі. Зертханалардың жүктемесі 40% құрайды. Біз нақты жағдайды білуіміз керек. Сондықтан тестілеу көлемін ұлғайту үшін шаралар қабылдау қажет.
ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ. Біз жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезіндік. Менің тапсырмам бойынша нақты жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылды. Оны сырттан әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Бірақ өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емес. Мысалы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында – екі жүз миллион теңгеден. Маңғыстау облысында – үш жүз миллион теңге.
Ал Нұр-Сұлтан қаласында бір миллиард алты жүз миллион теңге, Алматыда – бес миллиард теңге.
Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлердегі дайындық барысына берген бағасымен таныстық. Соған сәйкес, Маңғыстау және Алматы облыстарында емханалар мен ауруханалардың дайындығы нашар екендігі анықталып отыр. Осы олқылықтарды Үкімет пен әкімдер дереу түзетуге міндетті.
Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
ҮШІНШІ МӘСЕЛЕ. Мониторинг жүргізетін топтардың белсенділігі төмендеп барады. Әлеуметтік желілер арқылы түрлі жиын-тойларда түсірілген фотосуреттер таралуда. Мониторинг жүргізетін топтар тексерістерін азайтты. Бұл ретте, карантин шаралары сақталмай, заң бұзу деректері көбейіп кетті.
Әкімдерге мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандыруды тапсырамын. Ведомствоаралық комиссия осыны қатаң бақылауға алуға тиіс.
ТӨРТІНШІ МӘСЕЛЕ. Бірқатар тапсырманы орындауда шикілік бар. «СК-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қорына қылмыстық тергеу жүргізу әсерінен денсаулық сақтау саласын цифрландыру процесі іс жүзінде тоқтап қалды.
БЕСІНШІ МӘСЕЛЕ. Пандемияның екінші толқыны аясында негізгі салмақ қайтадан дәрігерлер түседі. Біздің негізгі ресурсымыз – дәрігерлер. Медицина қызметкерлерін қолдау қажеттілігіне ешкім күмән келтірмейді. Менің тапсырмам бойынша екінші жартыжылдықта дәрігерлерге үстемақы төлеуге қосымша 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда, үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде кездесетін бюрократиялық кедергілер әлі де бар.
АЛТЫНШЫ МӘСЕЛЕ. Үкімет медициналық көмектің өзге түрлерін де көрсетуді ұмытпауға тиіс. Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі. Өкінішке қарай, ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде бірнеше есе көбейіп кетті.
Былтырғы 8 айда – 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда 131 әйел қайтыс болыпты. Мысалы, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл өте өзекті сұрақтар. Оларға әкімдер жауап беру керек.
Үкіметке өңірлермен бірлесіп, аталған фактілердің әрқайсысын тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын.
Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және медициналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз. Әкімдерді, жалпы, Үкіметті бұл міндеттен ешкім босатқан жоқ. Президент Әкімшілігіне осы мәселені бақылауға алуды тапсырамын.
Тоқаевтың коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте сөйлеген сөзінің толық нұсқасы Ақорда сайтында жарияланды.