Мемлекет басшысы Үкіметке ветеринарлық қызметтің жұмысын күшейтуге қатысты шара қабылдауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте құс тұмауының өршуіне байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды.
«Жоғары патогенді құс тұмауының өршуі азық-түлік қауіпсіздігі саласының кемшілігін айқындап берді. Бұл ретте мен уәжімді Ауыл шаруашылығы министрлігіне айтсам деймін», - деді Президент кеңесте сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ Президент ветеринарлық қызмет құс тұмауының өршуіне жол бермеу үшін уақытылы шаралар қабылдамағанын айтты.
«Негізгі екі құс фабрикасында 500 мың бастан астам құс өлді. Жағдай өте қиын. Үкімет ветеринарлық қызметтің жұмысын күшейту бойынша кешенді шаралар әзірлеуі керек. Өйткені, қауіпсіздік мәселелерінен бөлек, ветеринарлық қызметтің жұмысы ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау мүмкіндігіне тікелей әсер етеді», - деді Тоқаев.
Тоқаевтың коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте сөйлеген сөзінің толық нұсқасы Ақорда сайтында жарияланды.