«Құс тұмауына арналған отандық вакцина шетелдікінен екі есе қымбат» – Нұржан Әшімбетов
«Құс тұмауы» 2005 жылдан бастап Үкіметтің қаулысымен аса қауіпті аурулар қатарына енгізілген
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Нұржан Әшімбетов «Қазақстанда құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, вакцина сатып алынатынына қарамастан, аталған індет ел ішінде бірден өршіп кетті», деп мәлімдеді.
«Құс тұмауы» 2005 жылдан бастап Үкіметтің қаулысымен аса қауіпті аурулар қатарына енгізілген.
«Белгілі болғандай, зардап шеккен құс фабрикаларында құстарға вакцина егілмеген. Ал ветеринарлық инспекциялар бақылау жасамаған. Кәсіпорындар енді ғана вакциналардың қолжетімдігі, бағасы және сапасы туралы сұрастыра бастады. Мәселен отандық препараттың 1 дозасының құны 52 теңге болса, шетелдік аналогтардың бағасы 25-30 теңге. БАҚ-тан эпидемиялық оқшаулау талаптарының орындалмай жатқаны жөнінде естіп білдік (Өлген құстардың ашық далада шашылып жатқаны немесе оларды белгісіз жерлерде өртеу сынды фактілер)» - деді Нұржан Әшімбетов.
Депутаттың айтуынша, отандық ветеринария саласы әлі ақсап тұр. Саладағы тұрақсыздық пен жалақының аздығы мамандар тапшылығын тудырып отыр. Бұдан бөлек, көптеген ауылдық жерлерде күні бүгінге дейін ветеринарлық пункттер жоқ.
«Неге ветеринарлық қызметтер профилактикалық және бақылау жұмыстарын уақытылы жүргізбеді? Кәсіпорындар мен қосалқы шаруашылықта құстардың қырылуына жол берілді. Отандық вакцина ішкі сұранысты қамтамасыз ете ала ма? Неліктен оның бағасы импорттық препараттан екі есе жоғары? Құс фабркаларына қандай мемлекеттік қолдау жоспарланған?», - деді Нұржан Әшімбетов ҚР Премьер-министріне жолдаған сауалында.