ШұғылҚазақстанда 39 бала Кавасаки синдромына шалдықты

«Мемлекет кепіл». Қорғаныс министрлігі әскерилердің тұрғын үй өтемақысы тоқтамайды деп мәлім етті

Қаржы министрлігі бюджетті оңтайландыру үшін Қазақстандағы әскерилердің тұрғын үйге берілетін өтемақысына реформа жүргізуді сұраған

Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

2020 жылдың шілдесінде, дәлірек айтқанда, 15 шілде күні Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың атына хат жолдап, елдегі әскерилерге, ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне, жалпы, күш құрылымдарындағы азаматтарға төленіп отырған тұрғын үй төлемақысы бюджетке ауыр салмақ түсіріп отырғанын айтқан.

«Әскери қызмет және әскерилердің мәртебесі туралы», «Тұрғын үй-қатынастары туралы» заңдарға сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әскерилер мен олардың отбасы мүшелерін баспанамен қамтудың жаңа тетігі пайда болды. Осы жаңа тетік жүзеге асқалы бері әскерилер мен күш құрылымындағы қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге кететін шығын 37,6 млрд теңгеден (2015 жылы) 144,9 млрд теңгеге (2019 жылы) дейін артты. Өсім – 3,8 есе.

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында, тиісті лимит аясында, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат 363 млрд теңгені құрады. Оның ішінде:

  • 2021 жылға – 115,3 млрд;
  • 2022 жылға – 129,6 млрд теңге;
  • 2023 жылы 118,1 млрд теңге.

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті оптимизациялау жөніндегі жұмыс тобы тұрғын үй өтемақысына бөлінетін шығындарды тиімді пайдалану үшін және тұрғын үй шығындарының артуына әкеп соғатын факторлардың алдын алу үшін келесі мәселелерді назарға ала отырып, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң нормаларын қайта қарауды ұсынамыз», - деп жазған Берік Шолпанқұлов өзінің ресми хатында.

Қаржы министрлігі бюджетті оптимизациялау үшін ұсынған фактілердің арасында «тұрғын үйді жалға беруге берілетін тұрғын үй өтемақысын тоқтату» деген тармақ болды. Қазақстанда келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрген әскерилердің көбі осы ұсыныстан «шошып», тіпті, тұрғын үй өтемақысы тоқтауы мүмкін деген күдікке тап болды. Ал «Әскери баспана» немесе басқа да ипотекалық бағдарламалар арқылы үй алған әскерилер банк алдындағы қарызы үшін алаңдайды.

Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге қатысты Қорғаныс министрлігінің позициясын білу үшін министрлікке ресми сауал жолдады. Министрдің орынбасары Бауыржан Тортаев қол қойған хатта «әскерилерге төленетін төлемақы қысқарады» деген мәселе министрліктен қолдау таппайтыны айтылған.

«Тұрғын үй төлемін қысқарту туралы мәселе Қорғаныс министрлігінде қарастырылған жоқ және қолдау таппайды. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 2-бабының 44-2 тармақшасына сәйкес тұрғын үй төлемдері – тұрғын үй төлемдерін алушыларға қызметтік тұрғынжай берудің орнына, сондай-ақ осы заңның 13-1-тарауында көзделген жағдайларда бюджет қаражаты есебінен арнайы ақшалай қамтамасыз ету түрінде төленетін, өңірлер мен отбасы құрамы бойынша сараланған ақша», - деп түсіндірген Бауыржан Тортаев.

Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі тұрғын үй өтемақысының бюджетін қалыптастырып, Қаржы министрлігімен келіседі.

Заңның 101-5-бабына сәйкес, тұрғын үй төлемдерін алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген тиісті шарттар негізінде жеке арнайы шотындағы ақшаны:

  • 1) тұрғынжайды меншікке, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеумен немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып меншікке алу;
  • 2) тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу немесе кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу;
  • 3) бұрын алынған ипотекалық кредитті (қарызды) өтеу;
  • 4) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеу;
  • 5) тұрғын үй және тұрғын үй-құрылысы кооперативіне қатысу кезінде жарналарды төлеу;
  • 6) қызметтен шығарылған адамдарды қоспағанда, «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатынан басқаға талап етуге болмайтын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі жинақтарды толықтыру;
  • 7) «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарында қолданады.

Тортаевтың мәліметіне қарасақ, осы тетіктер арқылы ҚР Қарулы күштеріндегі 6 мыңнан астам әскери қызметші өз тұрғын үйінің иесі болған.

«Олардың барлығы жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша ипотекалық несие рәсімдеді. Мемлекет олардың ипотекалық несиесін төлеуге кепілдік береді және бүгінгі күні оларды тоқтата тұру туралы мәселе туындамайды. Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру негізгі әлеуметтік қолдау және әскери қызметшілерге әлеуметтік проблемасы туралы ойламауға мүмкіндік береді деп есептейді. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі тұрғын үй төлемдерін қалдыру туралы ұстанымды ұстанады», - деген жауап келді біздің редакциямызға.

Қаржы министрлігінің мамандары тақырыпты тарқата келе, мына мәселелерге назар аударуымызды сұрады: келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлердің алатын тұрғын үй өтемақысы жұмыс істейтін аймағына қарай әртүрлі мөлшерде. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әскери қызметшінің отбасындағы бір адам үшін төленетін төлемақы шамамен, 50 мың теңге көлемінде. Бұл сома басқа өңірлерде әртүрлі: бірінде аз, бірінде көп.

«Сондықтан, әскерилердің көбі бұрын жұмыс істеген гарнизонында тұратын жері болса да, көбірек өтемақы алу үшін жұмыс орнын жиі ауыстырады. Қаржы министрлігі мүмкін болса, олардың бәріне бірдей өтемақы төлеу мәселесін де қарастыруды ұсынып отыр», - дейді Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіндегі мамандар.

Осы мәселеге қатысты Үкіметтің позициясы әзірге белгісіз. Дегенмен, пандемия салдарынан болатын дағдарысты еңсеру үшін республикалық бюджет жан-жақтан қысқаратыны туралы болжам бар.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан