Елімізде дәрігерлер мен медқызметкерлердің жалақысы өседі
Қажетті қаражат 2021-2023 жылғы бюджетте қарастырылған
Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге үстемақы төлеу 2020 жылдың соңына дейін жалғасады. Ал 2021 жылдан бастап барлық медқызметкердің жалақысы кезең-кезеңімен өседі, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгінгі Үкімет отырысында.
«Мемлекет басшысы дәрігерлер мен СЭС қызметіндегі мамандардың жалақысын биылдан бастап 2023 жылға дейінгі аралықта орташа жалақыдан екі есеге дейінгі көлемде өсіруді тапсырды. 2021-2023 жылғы республикалық бюджет туралы заң жобасында бұл шығындар қарастырылған. 247 мың медқызметкердің жалақысын өсіру үшін 2021 жылы – 222,3 млрд теңге, 2022 жылы – 361,7 млрд теңге, 2023 жылы 557,5 млрд теңге қажет», - деді Үкімет отырысында баяндама оқыған министр А. Цой.
Ол сондай-ақ, коронавируспен күресіп жатқан медқызметкерлердің үстемақысына қатысты да пікірін білдірді.
«Коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медициналық қызметкерлерді материалдық тұрғыда ынталандыру үшін 2020 жылдың соңына дейін оларға үстемақы беру жалғасады. Биыл наурыздан шілдеге дейінгі аралықта бұл бағытқа 59,6 млрд теңге жұмсадық. Жыл соңына дейін қосымша 150 млрд теңге бөлінетін болады», - деді Денсаулық сақтау министрі.