Диссертация дауы: Аймағамбетов Қайырбекованы әлі сотқа бермеген
Білім және ғылым министрлігі мен Анар Қайырбекованың арасындағы дау тура бір жыл бұрын басталған
2020 жылдың 21 шілдесінде Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы маманы, біраз уақыт университет ректоры болған Анар Қайырбекова YouTube-тегі Silk Road арнасы арқылы үндеу жасады.
Анар Қайырбекованың үндеу жасауына қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің «Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының жергілікті басқару жүйесін модернизациялау» атты 2009 жылы жазған диссертациясы түрткі болған.
«Асхат Аймағамбетовтің бұл докторлық дисстертациясын зерттей келе, министрдің 2009 жылы жазған ғылыми жұмысына 2019 жылы, яғни, арада 10 жыл өткен соң өзгерістер енгенін анықтадым. Алайда, заң бойынша дисстертация қорғалған соң, оның мәтінін, тіпті, мәтіндегі бір әріпті де өзгертуге тыйым салынған. Дисстертацияның бірінші нұсқасы ресейлік rudocs.ru и uchebana5.ru сайттарында шықты. Ал, мен бірнеше ай іздене отырып, Аймағамбетовтің өзгеріс енгізілген дисстертациясын таптым. Білім және ғылым минитстрлігіне қарасты мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жасаудың ұлттық орталығы дисстертацияны бергісі келмеді. Бұл ұйым тікелей министрліктің қоластындағы мекеме. Бірақ, қолға түскен екі жұмысты салыстыра отырып, Аймағамбетов дисстертациясын қорғаған соң, 10 жылдан кейін оның түпнұсқасына өзгеріс енгізген. Яғни, ол өзінің министр ретіндегі лауазымын заңсыз пайдаланған», - деп мәлім етті Қайырбекова.
Осы мәлімдеме айтылған соң, пандемия кезінде ақпарат агенттіктердің біріне онлайн сұхбат берген Аймағамбетов бұл істің шын не өтірік екенін сот анықтайды деген. Яғни, ол Анар Қайырбекованы сотқа берген деген ақпарат тарады. Алайда, министр мәселені сот анықтайды дегенімен, Нұр-Сұлтан қаласының сотына Аймағамбетовтің атынан арыз түспеген.
«Аймағамбетовтің атынан Қайырбековаға қарсы шағым түскен жоқ», - деп мәлім етті қалалық соттың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, тура бір жыл бұрын, 2019жылдың тамызында Анар Қайырбекова БҒМ-дағы бұрынғы вице-министр Фатима Жақыпованың ғылыми жұмысы плагиат деп мәлімдеп, резонанс тудырған еді. Ақыры, Фатима Жақыпова жұмысынан босатылып, 2020 жылдың басында Анар Қайырбекова Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындалған. Бірақ, Қайырбекова ректор қызметінде бірнеше ай ғана жұмыс істеді.
Жалпы, Анар Қайырбекова БҒМ-дағы мемлекеттік сатып алулар департаментінің басшысы қызметін атқарған. Өзі сол қызметте отырғанда министрліктің басшылығы, дәлірек айтсақ, жауапты хатшы Арын Өрсәриев пен тағы бір вице-министр оған жалған қызметтер туралы құжатқа қол қоюда қысым көрсеткенін айтқан. Арын Өрсериев бұл мәлімдемеден кейін, жауапты хатшы қызметінен босатылды. Алайда, алысқа бармаған Өрсериев қазір «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы болып отыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан