Қорғаныс саласында жемқорлық қылмысының саны артқан – агенттік
Бұл салада биыл 31 қылмыстық іс тіркелген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Қорғаныс (министрлігі - ред.) саласында жемқорлық қылмысының саны артқан. Қорғаныс жүйесінде кездесетін жемқорлық түрі – парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыру.
«Биыл 7 айда қылмыстық істердің саны 31-ге жетті, бұл 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда (11) үш есе көп. 22 іс сотқа жіберіліп, жергілікті органдардың 7 лауазымды тұлғасы сотталды», - делінген агенттік хабарламасында.
Агенттіктің хабарлауынша, өткен аптада ғана Алматы қаласында жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен Әскери өкілдіктер орталығының әуе қорғанысы күштері бағытының бастығы, Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті бастығының бұрынғы орынбасары және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарының взвод командирі әшкереленді.
Олар жүйелі түрде делдал-офицерлер арқылы әскери қызметшілерді басқа өңірлерден Алматы қаласының әскери бөлімдеріне ауыстыру бойынша «кадрлық бизнес» ұйымдастырды деген күдікке ілініп отыр. Бір әскери қызметшіні ауыстырғаны үшін 800 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейін сыйақы алып отырған.