Цой карантинді жеңілдету туралы ұсыныс берді
Көпшілік жерде маска кию талаптары сақтала береді
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанына байланысты ведомствоаралық комиссияға карантинді біртіндеп жеңілдетуді ұсынды.
Себебі, вирустың репродуктивтілік деңгейі, яғни бір науқастан басқаларға жұғу көрсеткіші 1,72-ден 0,82-ге төмендеген. Бұл көрсеткіш өңірлер арасында тек Түркістан облысында 1-ден жоғары. Басқа аймақтарда тұрақты түрде азайып келеді.
«Уақытылы диагностиканың арқасында Қазақстан COVID-19-дан болатын өлім көрсеткіші бойынша 70-ші орында... 5 аптада ауруханадағы орындар жүктемесі 62%-ға азайды. Емханалар үйге барып емдеу форматына көшті. Қазір 3640 бригада жұмыс істеп тұр. Коронавирус бойынша жедел жәрдем шақыру 62%-ға төмендеді. Жалпы, коронавируспен ауыратындар 2 есеге азайып отыр», - деді ол Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы Асқар Мамин ахуалды ескере отырып, карантинді алып тастауға негіз бар екенін айтты.
«Елімізде коронавирустың таралу деңгейі қарқынды түрде төмендеуде. Емделіп шыққандар үлесі 73,6% құрады. Қалғандары ем алуда... Жағдайды ескеріп, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын ДСМ мемлекеттік комиссия қарауына бейсенбі күні енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.
Бұл ретте көпшілік жерде маска кию сияқты гигиеналық талаптар сақтала береді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан