Мырзағалиев алматылықтарды қала экологиясын жақсарту жоспарын бірлесіп жасауға шақырды
Министр қала экологиясын жақсарту үшін сапалы жоспар құра аламыз деп сенеді
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматы тұрғындарын қаладағы экологиялық жағдайды бірлесе талқылау және әрекет ету үшін онлайн-кездесуге қатысуға шақырды.
«Біздің министрлік экологиялық жағдайды талқылау және тұрғындардың пікірін ескере отырып шешімдер әзірлеу үшін қалалар мен аудандардың тұрғындарымен бірнеше онлайн-кездесулерін жалғастыруда. Келесі бейсенбі, 13 тамыз күні сағат 11: 00-де Алматыда пікірталас өткізуді жоспарлап отырмыз», - деп жазды М. Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Министр қала экологиясын жақсарту үшін сапалы жоспар құра аламыз деп сенеді.
«Қала тұрғындары әрқашан экологиялық мәселелер бойынша белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленеді. Сондықтан, біз қаланың экологиясын жақсарту үшін сапалы жоспар құра аламыз деген ойдамыз. Барлық қызығушылық білдірген адамдарды кездесуге қатысуға, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтуға шақырамын», - деп жазды ол.
Талқылау zoom алаңында өткізіледі. Ал тікелей көрсетілім Экология министрлігінің Facebook-тегі парақшасында тікелей эфирде болады.