$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.07.2020, 09:49
Үкімет

Карантинді біртіндеп жеңілдетуге болады – Цой

Денсаулық сақтау министрі карантиннің үш аптасындағы жетістіктерді атады

Карантинді біртіндеп жеңілдетуге болады – Цой
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандағы коронавирус жағдайы карантинді біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

«Үш апта карантинде вирустың репродуктивтілігі, яғни бір адамның оқшаулануға дейінгі инфекция жұқтыру қаупі 1,2-ден 0,99%-ға азайды. Алдында ауруханалардағы жатын орындардың 90%-ында адам жатса, қазір 47%-да ғана жатыр. Аталған көрсеткіштер карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Министр локдаунның 3 аптасындағы негізгі жетістіктерді атап өтті.

«Қатаң шектеу шараларын енгізгелі бері, яғни 5 шілдеден бастап үш апта ішінде елде коронавирус жұқтырған 35 951 жағдай тіркелді. Жалпы, ауырғандар саны 29%-ға азайды. Күн сайын анықталатын жағдайлар саны тұрақталды. Тәулігіне 1600 адам қосылуда. Сонымен бірге ауруханалардағы науқастар саны 43%-ға азайды. Жансақтау бөліміндегілер 27%-ға кеміді. Жазылып шыққандар – 63%. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін ауыртпалық азайды», - деді Цой.

Оның айтуынша, инфекцияның ары қарай таралмауы 30% ғана денсаулық сақтау жүйесіне, эпидемиялық шараларға байланысты. Қалған 70%-ы азаматтардың маска тағып жүруіне, гигиенаны, әлеуметтік арақашықтықты сақтауына байланысты болмақ.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары