«Көкшетау халқы бұл құрылысты көп жылдан бері күтіп жүр»: Нәлібаев Ахметжановқа тапсырма берді

Премьер-министрдің орынбасары қаладағы жылу электр орталығының құрылысы уақытында аяқталу керек деді

«Көкшетау халқы бұл құрылысты көп жылдан бері күтіп жүр»: Нәлібаев Ахметжановқа тапсырма берді
Фото: үкімет

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында Ақмола облысына келіп, өңір басшысы Марат Ахметжановпен бірге ірі жобаларды тексерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметі сілтеме жасай отырып.

Сапар барысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Степногорск қаласында делегация жылу электр орталығында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. Кәсіпорында негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 57%-ға дейін төмендету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жылу желілерінің тозу деңгейі де 59%-ға дейін азайған. 

Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» ЖШС-де болды, онда уран өңдеу кешенін жаңғырту нәтижесінде өндірістік қуаттылық жылына 4 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін артуда. Кәсіпорында өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және одан әрі дамыту, кадрлар даярлау мәселелері қарастырылды. Өндірісті кеңейту перспективалары «Степногорск подшипник зауыты» АҚ-да да талқыланды.

Көкшетау қаласындағы жаңа жылу электр орталығының құрылыс алаңына барған Нұрлыбек Нәлібаев бұл орталық Көкшетау қаласының халқы ұзақ күткен нысан деді.

«ЖЭО құрылысы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Облыс орталығының тұрғындары бұл жобаның жүзеге асуын көп жылдан бері күтіп келеді. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет 124 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 16 вокзал Ақмола облысында орналасқан. Барлық жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етіп, жұмыс қарқынын жоғары деңгейде сақтау қажет», - деді Нәлібаев.