Үкімет егіс науқаны кезінде шаруаларға 402,3 мың тонна арзан дизель берген

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады

Үкімет егіс науқаны кезінде шаруаларға 402,3 мың тонна арзан дизель берген
Фото: istockphoto.com

Бүгін үкіметтің баспасөз қызметі Қазақстанда егін егу науқаны аяқталғанын мәлімдеді. Үкімет 2026 жылдың егіс науқанын табысты деп бағалаған. Жалпы, биыл шаруалар 23,8 млн гектар жерге егін еккен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, энергетика министрлігі шаруаларға арзан дизель беріп, көмек көрсеткен.

«Энергетика министрлігі еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаттарын ескере отырып, көктемгі егіс науқанына 402,3 мың тонна дизель отынын бөлді.
Үкімет фермерлер үшін жанар-жағармай материалдарының құнын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылдады. Операторлық шығындарды қоса есептегенде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін арзан дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 281 теңге болды», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Яғни, дереккөз нарықта дизельдің бір литрі 330 теңге екенін, сондықтан, бұл баға нарықтағы бағадан 49 теңге арзан екенін мәлімдеп отыр.