Қазақстан мен Оман салық саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді
Қазақстан мен Оман салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасады
Мәжіліс Қазақстан мен Оман Сұлтандығы Үкіметтері арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салықтан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келісім екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға және өзара сауданы кеңейтуге бағытталған. Құжат аясында салық салу тәртібін реттеу және салықтық кедергілерді азайту тетіктері қарастырылған.
Атап айтқанда, келісімде мынадай бағыттар қамтылған: резиденттікті анықтау, тұрақты мекеме ұғымын белгілеу, дивиденд, пайыз, роялти және кәсіпкерлік табыстар сияқты кірістерді бөлу тәртібі, сондай-ақ салық салуда кемсітушілікке жол бермеу.
Сонымен бірге екі елдің құзыретті органдары арасындағы өзара келісу механизмі, салықтық ақпарат алмасу тәртібі және салық жеңілдіктерін шектеу нормалары енгізілген.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Оман салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасады. Бұл салықтан жалтару жағдайларын азайтып, қаржылық ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету көзделген.
Жалпы алғанда, келісім екі ел арасындағы стратегиялық және экономикалық серіктестікті нығайтуға ықпал ететін маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.