Биыл тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге қаржылай қолдау бөлінеді – «Бәйтерек» холдингі

Автор: Нұргүл Абай

Биыл 70 мыңнан астам отбасыға Отбасы банктің барлық бағдарламасы бойынша 1 трлн 630 млрд теңге ипотекалық қарыз берілмек

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі 2026 жылы тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге сомасында қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, былтыр холдинг тұрғын үй құрылысына жалпы 2,35 трлн теңге сомасында қолдау көрсеткен.

«Қазақстан тұрғын үй компаниясының ағымдағы қаржы көздері мен нарықтық қарыздар есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау сомасы 707,5 млрд теңгені құрады. Бұл 3 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 35,6 мың пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік берді. Ел бойынша көппәтерлі тұрғын үйді іске қосудағы Қазақстан тұрғын үй компаниясының үлесі – 22%», - деді ол Үкімет отырысында.

238,2 млрд теңге көлеміндегі облигациялық қарыздар нарықтық шарттармен тартылып, өңірлерге бағытталды, оның ішінде:

  • жалға берілетін тұрғын үйге 150,4 млрд теңге (9,4 мың пәтер, 0,6 млн шаршы метр);
  • инженерлік инфрақұрылымға – 87,8 млрд теңге.

«Кредиттік тұрғын үйді қаржыландыру аясында 140,2 млрд теңгеге әкімдіктердің бағалы қағаздары сатып алынды. Осылайша, ағымдағы көздермен нарықтық қаражатты араластыру есебінен 1,8 млн шаршы метр немесе кезекте тұрғандар үшін 23 мыңға жуық әлеуметтік пәтер белгіленген бағамен берілді», - деді Айдапкелов.

Сондай-ақ, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында инженерлік инфрақұрылымды салу және жаңғырту үшін өңірлерге 29,3 млрд теңге қаражат бағытталған. Бұл жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және су бұру жобаларын уақытылы іске асыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан тұрғын үй компаниясы үлестік құрылысқа кепілдік беру тетігі және өз бағдарламалары аясында 299,8 млрд теңгеге құрылыс салушылардың жобаларын қолдаған. Осылайша 10 мың үлескердің құқықтарын қорғалып, 1,5 мың пәтер салынды. Осы жылы Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы қолдау сомасы 700 млрд теңгеден асып, шамамен 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй (30 мың пәтер) тапсырылады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша 2025 жылы Отбасы банк халыққа жалпы сомасы 1 трлн 645 млрд теңгеге 77 148 қарыз берді. 2026 жылы баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасына Отбасы банктің барлық бағдарламасы бойынша жеңілдетілген ипотекалық кредит арқылы 1 трлн 630 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беру жоспарланып отыр. Бәйтерек холдингі 2026 жылы тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге сомасында қолдау көрсетпекші», - деді Айдапкелов.