Астанадағы заңсыз құрылысты енді жасанды интеллект анықтайды
Әзірге бұл пилоттық жоба
Астана қаласында құрылыс барысын қадағалау үшін жасанды интеллект технологиялары енгізілді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 9 қаңтарда құрылыс саласын 2026–2027 жылдарға цифрландыру жоспары бекітілді.
«2025 жылдың соңында Астана қаласында құрылыс барысын бақылау үшін компьютерлік көру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін жобаны масштабтау жоспарлануда. Жүйе жер учаскелерін мақсатсыз пайдалануды және қала құрылысы жоспарларынан ауытқуларды ерте кезеңде автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді», - деді Мәдиев Үкімет отырысында.
Министр бұл превентивті бақылау құралын қалыптастырып, құрылыс барысына жедел мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететінін атап өтті.