Тұрғын үйлердің негізгі бөлігі үш ірі қалада бой көтереді
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің болжамынша, осы жылы республикада 18,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл тұрғын үй құрылысының болжамды көлемі 18,5 миллион шаршы метрді құрайды және қосымша шаралар қолданған жағдайда бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Ең жоғары көлем Астана, Алматы және Шымкент қалаларында болжанып отыр», - деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін елімізде құрылыс алаңдарын қаржыландырудан бастап ипотекалық бағдарламаларды кеңейтуге дейінгі кешенді қолдау шаралары жүзеге асырылады. Мәселен, былтыр кезекте тұрғандар үшін 218 млрд теңгеге жалға берілетін 14,5 мың пәтер сатып алынған, ал «несиелік тұрғын үй» желісі бойынша 140 млрд теңгеге тағы да 14 мың пәтер салынды және сатып алынды.
Мемлекеттік баспаналар жеңілдікпен берілетін 2% және 5%-дық несиелердің арқасында қаржылай қолжетімді болып отыр. Оларды 5 мыңнан астам отбасы пайдаланды. Ал оған қосымша «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы тағы жалпы сомасы 233 млрд теңге болатын 8,6 мың заем берілді.
«Былтыр азаматтарға 8 мыңға жуық жалға берілетін тұрғын үй және 11 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық қарыз берілді. Бұдан басқа, заңға енгізілген түзетулер бұрын «сатып алу құқығынсыз» берілген жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығын берді, өткен жылы бұл мүмкіндікті 15 мыңнан астам азамат пайдаланды. Сондай-ақ, 11 мыңнан астам адам жалдау ақысының бір бөлігіне субсидияларды пайдаланды, бұл мақсаттарға 7,6 млрд теңге бөлінді», — деді Нағаспаев.
Оның айтуынша, биыл бұл жұмыстар жалғасады. Тағы 11,5 мың пәтер салу үшін 155 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу, сондай-ақ 18 мыңнан астам жаңа жеңілдікті қарыздар беру жоспарланған.