Биыл шаруаларға 402 мың тонна дизель отыны беріледі: оның бағасы қанша
Жанар-жағармай 1 ақпан мен 30 маусым аралығында жеткізіледі
Биыл көктемгі егіс жұмыстары үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 402 мың тонна дизель отыны жеткізіледі. Жанармай нарықтағы бағадан 15% арзан болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Энергетика мен Ауыл шаруашылығы министрліктері 1 ақпан мен 30 маусым аралығындағы кезеңге шаруаларға көктемгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель отынын беру кестесін бекіткен.
Дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін:
- жеке ПИН-кодтар алынды;
- дизель отынының түсін сары, көк және қызылға бояу;
- электрондық шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру жөнінде шаралар қабылданды.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отынын жөнелту Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында», - деді Ақкенженов.
Бұған қоса Үкімет диқандарға арнап дизель отынының шекті бағасын нарықтағы бағадан 15%-ға төмен етіп бекіткен.