Қазақстанда 600-ден астам компания ештеңе өндірмесе де мемлекеттен көмек алып отырған
Министрдің айтуынша, индустриялық сертификат шамамен 15 млн теңге тұрған
Қазақстанда жүздеген компания өз өндірісі болмаса да мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланған. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол қазақстандық өндірушілердің нақты тізімін жүргізу үшін отандық тауар өндірушілердің реестрі іске қосылғанын еске салды.
«Өткен жылдары кейбір компаниялар Қазақстан аумағында ештеңе өндірмесе де, тіпті жұмысшылары да болмаса да белгілі бір сомаға индустриялық сертификат сатып алып, нарықта жұмыс істеген. Олар көрші елдерден тауар әкеліп, оны отандық өнім ретінде сатып, барлық жеңілдік пен мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланған, соның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысқан. Сол себепті біз енді нақты кім өндіруші, кім «жалған» екенін анықтап алғымыз келеді», - деді Нағаспаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе мәртебені растау рәсімін жеңілдетіп, оны бизнес үшін ашық етеді.
«Бұл процесс, ең алдымен, бюрократияны азайтуға бағытталған. Кәсіпорындар енді түрлі мекемені аралап, өздерінің жергілікті өндіруші екенін дәлелдеуге міндетті болмайды. Сонымен қатар, бұл қызмет тегін көрсетіледі. Маған өткен жылы индустриялық сертификаттың құны 15 млн теңгеге дейін жеткені туралы қауесет жетті. Реестрдің нормативтік-құқықтық базасы өткен жылы-ақ дайын болған», – деді министр.
Қолданыстағы сертификат иелері үшін өтпелі кезең қарастырылған.
«Реестр ресми түрде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Индустриялық сертификаты бар 1924 кәсіпорын алаңдаушылық білдіріп, үлгермей қаламыз ба деген қауіппен наразылық танытқан еді. Осыған байланысты Үкімет индустриялық сертификаттардың мерзімін 2026 жылғы 1 наурызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Қазір біз 1924 сертификат иесін автоматты түрде тізілімге енгіздік. Алайда бұл олар реестрде мәңгі қалады дегенді білдірмейді», – дейді Нағаспаев.
Мәртебені растау үшін компаниялар қосымша тексерістен өтуге тиіс.
«Жалған өндірушілерді анықтау үшін тоқсан сайын скрининг жүргізіледі. Сонымен қатар, барлық кәсіпорын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеліп, қажетті құжаттарды, соның ішінде өз қызметі туралы бейнеесеп ұсынуы қажет. Қазір біз бұл жұмыспен күн сайын айналысып жатырмыз. Бүгінде шамамен 900 кәсіпорын тізілімге тіркеліп, өздерінің отандық тауар өндіруші екенін растады», – деді ведомство басшысы.
Десе де өтінім бергендердің елеулі бөлігі талаптарға сәйкестігін дәлелдей алмаған.
«600-ден астам компанияны қабылдаған жоқпыз. Олар жалған өндіруші болып шықты. Бас тартуымыздың әртүрлі себебі бар. Мысалы, кейбірі өндірісіне сәйкес келмейтін видео тіркеген, тіпті мазмұны мүлде басқа бейнежазбаларды ұсынған жағдайлар болды. Яғни компаниялар өздерінің қазақстандық өндіруші екенін дәлелдегісі келмейді немесе дәлелдей алмайды. Бұл – ауыр жұмыс, бірақ біз оны «Атамекенмен» бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмысты министрлік қана атқарып жатыр деген әңгіме болмауы үшін осылай істеп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», – деп түйіндеді сөзін Нағаспаев.