Жаңа мұнай өңдеу зауыты жанар-жағармай тапшылығын жояды – вице-министр

Автор: Нұргүл Абай

Төртінші МӨЗ іске қосылған соң еліміз көрші елдерге бензин экспорттай бастайды

Фото: freepik.com

Қазақстанның мұнай өңдеу қуаты 2033 жылға қарай жылына 40 млн тоннаға дейін өседі. Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет энергетика секторын нығайту үшін мұнай өңдеу қуатын қазіргі 18,4 млн тоннадан жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында 2026-2033 жылдары қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу жоспарланған. Бұл еліміздің мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Тұтқышбаев Үкімет отырысында.

Вице-министрдің айтуынша, 2028-2030 жылдары 3 мұнай өңдеу зауытының көмегімен авиакеросин тапшылығы жылына 500-ден 300 мың тоннаға дейін қысқарады. 2033 жылы төртінші мұнай өңдеу зауыты іске қосылған соң авиакеросиннің тапшылығын жою және көршілес елдерге дизель отыны мен бензинді экспорттау жоспарланған.

Жұмыс істеп тұрған зауыттарда қайта өңдеу үлесі 94%-ға дейін өседі, ал отын сапасы К5 стандартына дейін артады.

Тегтер: