Нұр-Сұлтанда медициналық маска шығаратын жаңа кәсіпорын ашылды
Өндіріс ошағы екі апта ішінде 1 млн-нан астам маска шығарған
Нұр-Сұлтан қаласында медициналық маска шығарумен айналысатын «Bioniсk-Pro» өндіріс ошағы ашылды. Өнеркәсіптің ашылғанына небәрі екі апта болды. Осы күнге дейін 1 миллионнан астам бетперде шығарылған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлайды.
Өндіріс орнының директоры Арон Қадыровтың айтуынша, өнеркәсіп тәулігіне 180 000 дана бетперде шығара алады. Қазіргі таңда сұранысқа сәйкес, тәулігіне 80 000 – 120 000 дейін медициналық бетперде өндірілуде. Бұл бетперделерді қаланың дәріханалары мен емханаларына жеткізеді.
Маска өндірісі автоматтандырылған және жартылай автоматтандырылған екі станок арқылы жүргізіледі. Бірінші станок үш матаны біріктіріп, үтіктеп, үш рет бүктеп, жиектеріне тігіс салады. Келесі станокта маска арнайы өлшеммен кесіліп, құлаққа тағатын резеңкесі желімделеді. Одан кейін мамандар бетперделерді тексеріп, санап, арнайы қаптамаларға 50 данадан салып отырады.