«Халық ChatGPT-ге көп жүгінеді, KazLLM-ге өткісі келмейді»: Тоқаев Мәдиевке шүйлікті

Автор: Нұргүл Абай

Президент отандық  KazLLM-ге қатысты олқылықтарды ашық көтерді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық жасанды интеллект өнімдерінің тиімділігіне қатысты мәселе көтеріп, KazLLM жүйесіне деген сұраныстың төмендігін сынға алды. Президенттің айтуынша, халық көбіне шетелдік ChatGPT платформасын таңдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтен отандық KazLLM бағдарламасын қанша адам пайдаланып жатқанын сұрады.

«Сіз бұл мәселе жөнінде мәлімдеме жасадыңыз және оны іске қостық деп айттыңыз, бірақ менің білуімше, бағдарламаға сұраныс әлі төмен, себебі ақаулары көп. Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге өткісі келмейді. Сондықтан KazLLM-нің айналасында не болып жатыр деген сұрағым бар», - деді Тоқаев.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қазіргі таңда екі тілдік үлкен модель бар, ол KazLLM мен LLM деп аталады. Олар қазір қырықтан астам жүйеге енгізілген.

«Қазіргі таңда бұл модельдер IT-компаниялар, стартаптар, студенттер мен зерттеу институттары үшін қолжетімді. Бірақ осы модельдердің сапасын үнемі жақсарту қажет, сондықтан біз халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірге жұмысымызды жалғастырамыз», - деп жауап берді министр.

«Сонда бұл салада олқылықтар бар ма? Мойындайсыз ба?», - деп сұрады Тоқаев.

«Осы модельдерді үнемі жаңартып отыру қажет, себебі мысалы OpenAI сияқты ірі компаниялар жаңа нұсқаларын шығарып, олардың сапасын арттырады. Бізге де осы жаттығу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету маңызды», - деді Мәдиев.

Президент қазіргі таңда қанша адам KazLLM пайдаланып отырғанын нақтылады. Мәдиевтің ақпаратынша, 600 мыңнан астам сұраныс болған.

«Мысалы ChatGPT-ді қанша адам пайдаланады?», - деп сұрады мемлекет басшысы.

«Пайдаланушы базасы жүздеген миллион адамға жетеді. Ал Қазақстан бойынша бұл шамамен халықтың 13%-ын құрайды», - деді министр.

Тоқаев отандық «Айту» мессенджерін пайдаланатындар санын да нақтылады. Мәдиевтің айтуынша, қазір оның пайдаланушы базасы 700 мыңнан астам адамға жеткен.

«Көреміз, мұны тексеру керек», - деді Тоқаев.