Қазақстанның үш курортында жаңа әуежай ашылып, Алакөлге қосымша пойыздар қатынайды
Зайсан әуежайы биыл алғашқы жолаушыларын қабылдайды
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев курорттық аймақтарда салынып жатқан әуежайлардың құрылысы биыл аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, авиация саласын дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында өңірлік әуежайлар жаңғыртылып жатыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру жұмысы аяқталып келеді», - деді Сауранбаев Үкімет отырысында.
Министр биылғы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту жұмыстары басталады.
Алакөлге қосымша пойыздар жүреді
«Алакөл бағытына ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта 8 қосымша пойыз (12-18 вагон) болады», - деді министр.
Дәлірек айтқанда, Астанадан – аптасына 2 рет, Алматыдан - 2 пойыз/күнара, Семей және Өскеменен – 1 пойыз/күнара, сонымен қатар, Алматы – Достык, Қызылорда – Достық және Павлодар – Достық қосымша тіркелмелі вагондар бар.
Туристік дестинацияларда орналасқан 19 теміржол вокзалына жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы биылғы жазғы маусымда халықтың сұранысына сәйкес 13 қосымша бағыт ұйымдастырылып, шамамен 400 мың қосымша орын ұсынылмақ.
Вагондар жаңарып жатыр
Сауранбаевтың айтуынша, былтыр жаңа 175 жолаушылар вагоны сатып алынған. Ал биыл 191 вагон алу жоспарланып отыр.
«Жалпы 2030 жылға дейін шамамен 800 вагон жаңартылады. Бұл вагон паркінің 90 пайызына дейін жаңартуға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.