Жеке кәсіпкерлерге тегін ақыл беретін «Халық бухгалтері» акциясы басталады

Автор: Нұргүл Абай

Мақсат – кәсіпкерлерге бухгалтерлік және салық есептілігін дұрыс жүргізуге көмектесу

Фото: istockphoto.com

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеске тегін консультация беретін «Халық бухгалтері» акциясы іске қосылады. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кәсіпкерлерге есепті дұрыс жүргізуге және қателерін азайтуға көмектесу үшін Қаржы министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап «Халық бухгалтері» акциясын іске қосады. Биыл 19 желтоқсанда бухгалтерлер қауымдастығымен кездескенімізде олар біздің бастамамызды қолдады. Акцияның мақсаты – бухгалтерлік және салық есептілігін дайындау және тапсыру кезінде жеке кәсіпкерлерге және шағын бизнес субъектілеріне өтеусіз негізде консультациялық көмек көрсету», - деді Тәкиев Үкімет отырысында.

Акцияның өту форматы:

  • ресми ресурстарды пайдалану арқылы онлайн-консультациялар беріледі, оның ішінде жеке Telegram-арна ашылады;
  • офлайн және онлайн вебинарлар;
  • есепті кезеңдерде тақырыптық консультациялық сессиялар.

Акция аясында кәсіпкерлерге кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының мамандары кеңес береді.

«Халық бухгалтері» акциясы келер жылдың бірінші жартыжылдығында өтеді.