Қазақстан мен Армения арасында тікелей әуе рейстері қайта ашылуы мүмкін

Автор: Нұргүл Абай

Қазір тікелей әуе қатынасы уақытша тоқтап тұр

Фото: istockphoto.com

Қазақстан мен Армения арасында тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі қайта көтеріліп жатыр. Бұл туралы вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, бір кездері Армениямен тікелей әуе қатынасы болған, алайда қазір уақытша тоқтап тұр.

«Өйткені Ереван әуежайында қызмет көрсету тарифі өте қымбат. Қазір бір адамға 65 доллар, ал бір тонна әуе керосині 1248 долларға жетеді. Бүгінгі таңда мұны субсидиялау мәселесі қаралып жатыр», - деді Жұманғарин Ақорда кулуарында.

Қазақстандық Scat, Fly Arystan компаниялары әуе рейстерін ашуға дайын, дейді вице-премьер.

Естеріңізге салайық, 20 қараша күні Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға ресми сапармен келді. Бүгін Ақордада мәртебелі мейманды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.