Жеке кәсіпкерлер өз қызметкерлерінің қолға алатын жалақысын жасырады – вице-министр

Автор: Нұргүл Абай

Сауда, құрылыс сияқты салаларда жалақы шын мәнінде жоғары дейді шенеунік

Фото: freepik.com

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов арнайы салық режимімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер қызметкерлерінің жалақысын неге толық көрсетпейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Статистикаға жүгінсек, қазір жеке кәсіпкерлер, яғни арнайы салық режимімен жұмыс істейтіндер қызметкерлерінің жартысына ең төменгі жалақыны ғана көрсетеді. Алайда іс жүзінде сауда мен құрылыс сияқты салаларда нақты жалақы бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйеніп, олардың жартысы ең төменгі жалақы алады деу — шындыққа толық сәйкес келмейді, өйткені ресми және бейресми жалақы бар», - дейді Біржанов Мәжіліс кулуарында.

Вице-министр арнайы салық режимімен жұмыс істейтіндер толық жалақыны неге көрсетпейтінін айтты.

«Себебі олар есеп жүргізбейді, шығындарды тіркемейді, сосын табыстағы айырмашылықтан салық төлемейді. Еңбекақы қорынан шығындар салық шегеріміне кетпейді ғой, сондықтан оларда  бәрін ашық көрсетуге мотивация жоқ. Мен бұрын да осы туралы айтқан едім, бұл бағытта ойлану қажет», - деді ол.