$ 538.56  625.65  6.62
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық қордың қолдауына сүйенбеген бюджет қабылдадық – Қошанов

Мәжіліс үш жылға арналған республикалық бюджетті бекітті

Ұлттық қордың қолдауына сүйенбеген бюджет қабылдадық – Қошанов
Фото: мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар қабылдаған үш жылғы республикалық бюджеттің басты ерекшелігін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, депутаттар тарапынан бюджеттің жобасына ескертулер де айтылған.

«Бүгін біз Республикалық бюджетті жан-жақты талқыладық. Парламенттік фракциялардың бәрі өз ұстанымдарын білдірді. Біраз ескерту де айтылды, сонымен бірге көптеген конструктивті ұсыныс да берілді. Үкімет осы ескертпелер мен ұсыныстардың барлығын міндетті түрде ескеруге тиіс. Өйткені еліміз алдағы жылдары осы құжатқа, яғни Республикалық бюджетке сүйеніп тіршілік етеді», - дейді Қошанов.

Қошановтың пайымынша, бұл бюджет – Ұлттық қорға сүйенбеген алғашқы бюджет.

«Бұл бюджет мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі мен фискальды саясат саласындағы реформалар негізінде қалыптасқанын атап өткен жөн. Бюджет жобасы ұзақ жылдан бері алғаш рет Ұлттық қордан қосымша нысаналы трансферттерсіз әзірленіп отыр. Бұл – толыққанды, Ұлттық қордың қолдауына сүйенбеген бюджет қабылдадық деген сөз», - деді Қошанов.

Оның айтуынша, мұндай нәтиже Мемлекет басшысының қаржы-бюджет жүйесін жетілдіру жөнінде берген тапсырмасын кезең-кезеңімен іске асырудың арқасында мүмкін болып отыр.

Және Мәжіліс төрағасы атап өткендей,  бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталады. Халыққа қолдау көрсету – басымдық болып қала береді.

«Мектептер мен ауруханалар, мәдениет пен спорт нысандарын салу мен реконструкциялауға қомақты қаржы бағытталады. Бұдан бөлек, экономиканың нақты секторын қолдау шаралары ұлғайтылады. Оның ішінде өңірлердегі жаңа инвестициялық жобалар үшін «Бәйтерек» холдингінің қайтарымды қаржыландыруы арқылы да қолдау көрсетіледі. Ол тұрақты экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуға жол ашады. Сондықтан бұл мәселе бойынша барлық фракция және бүкіл депутат тарапынан қолдау тапты», - дейді Қошанов.

Десе де, ол өңірлерді қаржыландыру бойынша мәселе бар екенін атап өтті.

«Бүгінде салық түсімдерінің бір бөлігін жергілікті деңгейге беру заңнамалық түрде бекітілді. Бұл тәсіл қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастады. Көптеген облыста кірістер жоспарын артығымен орындау байқалуда. Жергілікті бюджеттер қаржылық міндеттерді шешуде орнықты әрі дербес бола түсті. Осы ретте, пайда болған қосымша қаражат түрлі имидждік бастамаларға емес, басталған жобаларды аяқтауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуы қажет. Үкімет пен депутаттар осы процесті қадағалауға тиіс. Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттер бойынша депутаттар да, мемлекеттік органдар да көп жұмыс атқарды», - деді Қошанов өз сөзінде.

Сөз соңында ол Үкімет мүшелеріне және депутаттық корпусқа талқылауға белсене қатысқандары үшін алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары