Құрылыс саласындағы жалақы еліміздегі орташа жалақыдан 22%-ға жоғары
Қазақстанда биыл бірінші тоқсанда құрылысшылар саны 170 мың адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға төмен, деп жазады Ranking.kz.
Құрылыс саласы – Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілгенде жұмысын тоқтатпаған негізгі салалардың бірі. Үкімет те осы кезеңде құрылыс қарқынын арттырып, қазақстандықтарды баспанамен қамтып, жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық берген. Бұл салада бүгінгі таңда 700 мыңға жуық адам жұмыс істейді (құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, құрылыс тауарлары базары және т.б.).
2020 жылдың бірінші тоқсанында құрылыс саласындағы орташа жалақы 244,7 мың теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 13,8 пайызға көп. Бұл тұста Қазақстандағы жалпы орташа жалақының 200,3 мың теңге екенін атап өткен жөн.
Облыстарға бөліп қарайтын болсақ, ең көп жалақы алатындар Атырау облысының құрылысшылары екен – 344,8 мың теңге. Ал, ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында – 117,5 мың теңге. Нұр-Сұлтан қаласы (312,9 мың теңге) мен Маңғыстау облысының (298,4 мың теңге) құрылысшылары да жоғары жалақы алатын мамандардың қатарында.