$ 547.57  642.63  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет енді Қазақстанның ірі банктеріне саяси себеппен көмектеспейді

Дағдарысқа ұшыраған ірі банктің шығындарын ең алдымен акционерлер мен инвесторлар өтейді

Мемлекет енді Қазақстанның ірі банктеріне саяси себеппен көмектеспейді
Фото: freepik.com

Қазақстанда жүйелік маңызы банктерге мемлекеттік көмекті автоматты немесе саяси негізделген түрде ұсыну толығымен жойылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қиын жағдайға тап болған ірі банктерге мемлекет қай уақытта қол ұшын созатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Агенттік әзірлеген банктер туралы заң жобасында жүйелік маңызы бар банктер үшін жаңа талап қойылып отыр.

«Жүйелік маңызы бар банктер үшін TLAC (Total Loss Absorbing Capacity) тетігі – беріктік қорын қалыптастыру жөніндегі талап бекітілді. Бұл елеулі шығындар болған жағдайда есептен шығаруға немесе капиталға айналдыруға алдын ала дайындалған банктің капиталы мен борыш құралдары жеткілікті мөлшерде болуға тиіс дегенді білдіреді. Осылайша, бірінші кезекте шығындар бюджет қаражатын тартпай-ақ акционерлер мен инвесторлар есебінен өтеледі», - делінген хабарламада.

Яғни ірі банк шығынға батса, мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінбейді, шығынды ең алдымен банк акционерлері мен инвесторлары жабады. Мемлекет тек ең төтенше жағдайда, мысалы банктің күйреуі елдің бүкіл қаржы жүйесіне қауіп төндірсе ғана араласады.

«Мемлекеттің реттеуге тікелей қатысуы енді ең төтенше жағдайларда  – егер барлық нарық құралдарын пайдалану жеткіліксіз болып шықса және банк елдің қаржылық тұрақтылығы үшін жүйелі тәуекелге ұшыраса ғана мүмкін болады. Сонымен қатар, мұндай жағдайларда да мемлекеттік көмек қатаң шарттар сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі: шешімдердің ашықтығы, нарықтық тетіктерге барынша аз араласу және NCWO – No Creditor Worse Off қағидатын міндетті түрде сақтау қамтамасыз етілуге тиіс. Яғни, бұл бірде-бір кредитор реттеу процесінде әдеттегі банкроттық рәсімінен гөрі көп шығынға ұшырамауы керек дегенді білдіреді», - деп түсіндірді агенттік.

Мемлекет банктерге бұрынғыдай автоматты түрде немесе «тамыр-таныстықпен» көмек бермейді, деп сендірді агенттік.

«Жаңа жүйе мемлекеттік көмекті автоматты немесе саяси негізделген түрде ұсынуды толығымен жояды. Реттеу  тәсілі болжамды, экономикалық тұрғыдан негізделген және әділ болды. Бұл түбегейлі өзгеріс моральдық тәуекелді жоюға, банк иелерінің жауапкершілігін арттыруға және салымшылар мен салық төлеушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған», - деп атап өтті ведомство.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#ақша #банк #көмек