Қазақстандағы банктер енді борышкердің мүлкін үш жылдан артық ұстай алмайды

Автор: Нұргүл Абай

Банктер мүлікті тезірек сатуы керек дейді агенттік

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда банктер борышкерлерден қалған мүлікті үш жыл ішінде сатып, айналымға енгізуге тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер туралы жаңа заң жобасына осындай талап енгізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Активтерді басқару тиімділігін арттыру үшін өндіріп алған мүліктің банк балансында болуын үш жылдан аспайтын мерзімге шектеу белгіленді. Бұл банктердің «жылжымайтын мүлік холдингтері» немесе «зауыт иелеріне» айналмауы үшін қажет, олар негізгі қызметі – қаржылық делдалдыққа ден қоюы керек», - дейді агенттік.

Яғни банк қарызын өтей алмаған борышкердің мүлкін өз балансында үш жылдан артық ұстамауы керек. Себебі кейде банктер борышкерлердің мүлкін ұзақ уақыт бойы сатпай, өздерінде сақтайды.

«Мұндай талап кепілді тезірек сатуды, активтерді экономиканың нақты секторына қайтаруды және бейінді емес тәуекелдер деңгейін төмендетуді ынталандырады», - деп санайды ведомстводағылар.

Бұған дейін елімізде кез келген банк шариғат нормаларына сай пайызсыз кредит беруі мүмкін екенін хабарлаған едік.