Сырттан келетін қаржы көлемінің төмендеуі әлем бойынша тікелей шетелдік инвестиция ағынының азаюымен байланысты
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға салынған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 12,1 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,1% аз (12,5 млрд доллар). Сырттан келетін қаржы көлемінің төмендеуі әлем бойынша тікелей шетелдік инвестиция ағынының азаюымен байланысты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметінше, 2019 жылдың алты айында әлем бойынша ТШИ 20% азайып, 572 млрд долларды құраған. Яғни, бірінші тоқсанда 5% азайса, екінші тоқсанда 42%-ға төмендеген. Бұл туралы FINPROM хабарлайды.
Осы жылы Қазақстанға ең көп инвестиция салған – Нидерланд. Жалпы, голланд инвесторлары бірнеше жылдан бері алғашқы орында келе жатыр. Алты ай ішінде Нидерланд корольдігі салған тікелей инвестиция көлемі 3,4 млрд доллар болған (өткен жылы 3,7 млрд доллар). Жалпы алғанда, 2018 жылы бұл елден келген ТШИ 23,8%-ға артып, 7,3 млрд долларға жеткен (алдыңғы жылы 5,9 млрд доллар).
Қазақстанға ең көп инвестиция салатын елдердің ішінде екінші орында АҚШ (3 млрд доллар), бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7% жоғары. Үздік үштікке Швейцария кіреді (1 млрд доллар), бірақ былтырғымен салыстырғанда төмендеу бар (1,3 млрд доллар).
Үздік бестікке Қытай (922,3 млн доллар) мен Ресей кіреді (632,5 млн доллар).
Маусым айының қорытындысы бойынша Нидерланд инвесторларының Қазақстанға салған қаржысының көлемі 65,4 млрд долларға жеткен. Ал, АҚШ салған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8,3% аз (өткен жылы 71,4 млрд доллар болған).
Нидерланд инвестициясының 80,6%-ы тау-кен және карьерлерді қазуға саласына жұмсалған: 52,7 млрд доллар. Бұл салада Нидерланд капиталының қатысуымен 58 компания жұмыс істейді – 38 шағын, 3-еуі орташа, 17-сі ірі компаниялар.
Нидерланд инвесторларын қызықтыратын екінші сала – өңдеу өнеркәсібі, оған салынған инвестиция көлемі 4 млрд доллар, жалпы инвестицияның 6,1%-ын құрайды. Инвестиция көп салатын үшінші сала - кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, яғни 3,3 млрд долларды құрайды.
Аталған үш салаға салынатын инвестицияның 91,8%-ын Нидерланд елінен тартылған инвестиция құрайды.
Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы Нидерланд капиталының қатысуымен жұмыс істейтін 665 компания бар: 517 шағын, 62 орташа, 86 ірі компания. Ал, 2014 жылы Қазақстанда 931 голландиялық компания болған.
Сондай-ақ қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Нидерланд елдері арасындағы тауар айналымы бір жылда 37,5%-ға қысқарған. Ал, 2018 жылдың 12 айында тауар айналымы 6,5 млрд долларға жетіп, 29,2%-ға өскен еді.