$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.10.2019, 14:30
Экономика

Нұр-Сұлтандағы инвестициялық форумның Қызылордадағы жатақханаға қандай қатысы бар?

Нұр-Сұлтанда тұңғыш рет инвестициялық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік форумы өтіп жатыр

 

Нұр-Сұлтандағы инвестициялық форумның Қызылордадағы жатақханаға қандай қатысы бар?

Елорда күнтізбесіне тағы бір дәстүрлі форум қосылды  

Бүгін Нұр-Сұлтанда алғаш рет инвестициялық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік форумы өтіп жатыр. Қазақстан МЖӘ Орталығы ұйымдастырған екі күндік шараға 40 млн теңге жұмсалып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақша бюджеттен емес, Азиялық даму банкінен және басқа да демеушілердің есебінен бөлінген. Бұл шараға да отандық кәсіпкерлер мен Үкімет өкілдерінен бөлек, шетелден сарапшылар келді. Форум ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов:

«Бұл форум жекеменшік-мемлекеттік әріптестік арқылы инвестиция тартудың жаңа бір деңгейге көтерілуіне сеп болатын шешімдер қабылдайтын алаңға айналады деп сенемін», - деді.

Бес ел қол қойған меморандум не береді?

Форум аясында Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттерінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталықтары арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды. Жаңа құжат қазақстандық бизнесмендерге осы елдердің әлеуметтік және мемлекеттік жобаларына қатысуға мүмкіндік бермек. Бірақ меморандумның негізгі мақсаты - әзірге өзара тәжірибе алмасу ғана екенін «Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бекмұрат Тәліпов айтты.

«Осы меморандум көмегімен мемлекеттер бір біріне зерттеулер аясында қолдау көрсетеді. Меморандум- тек бастама ғана. Әзірге трансшекаралық қандай бір жобалар туралы айту қиын», - деді ол.

Бірақ Тәліпов заң бойынша көрші елдердің біздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына қатысуына шектеу қоймайтынынын да атап өтті.

«Меморандумнан кейін де, меморандумға дейін де жобаларға шектеу болмайды. Әрине, құжатқа қол қойылған соң байланыс күшейеді. Сондықтан шетелден инвестиция көбірек тартылатынын да жоққа шығара алмаймын», - деді.

Көрші елдерге дәл Қазақстандағы МЖӘ тәжірибесі көбірек қызық. Себебі Қазақстан бұл әдісті (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) жылдам енгізіп жіберген мемлекеттердің бірі. Мысалы, 2015 жылы қазанда қол қойылған «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» Заңнан кейін құны 3,5 трлн теңгені құрайтын 1200-ден аса жобаға келісім-шарт жасалып үлгерген. Оның ең көбі (332 жоба) білім беру саласына. Ал сырт мемлекеттер қызығушылық танытқан ең үлкен жоба - Алматыдағы Үлкен айналма автомобиль жолы (БАКАД). Құны 500 млрд теңгені құрайтын жолды қазір Оңтүстік Корея және түркиялық компания салып жатыр.

Қызылордаға жаңа жатақхана

МЖӘ бірінші инвестициялық форумындағы тағы бір символдық құжат - Қызылорда облыстық білім басқармасы мен «Дилмаш» ЖШС арасындағы студенттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз ету келісімшарты. Себебі, бұл Қазақстанда жатақхана бойынша жасалып отырған алғашқы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жоба. Ерекшелігі сол, бұл шарт бойынша жергілікті бюджеттен мүлдем ақша бөлінбейді, барлық қызметтерді өзі жүзеге асырады. Тек әр орын үшін республикалық бюджеттен жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында 122 АЕК, яғни 64 мың теңге бөлінеді. Компания осы қаржы мен студенттердің ай сайынғы төлеген ақшасы арқылы 8 жыл ішінде кеткен шығынды қайтарып алмақ. МЖӘ орталығы кеңесшісі Айгүл Садықова мұндай әлеуметтік нысандарды МЖӘ арқылы пайдалануға берудің тиімділігін мемлекеттің кепіл болуымен түсіндірді.

«Жатақхана жай мемлекеттік тапсырыс арқылы пайдалануға берілсе, мемлекет кәсіпкерге тек студент жатқан орынға ғана төлейді. 50 бала жатса , 50 бала үшін ғана ақша береді. Сондықтан орынды қалай толтырам деп уайымдайды. Ал МЖӘ-те кәсіпкер қызметін толық негізде жүзеге асыруына кепілдік береміз», - деді ол.

Қызылордадағы біз айтып отырған жатақхана медициналық колледж студенттеріне арналған. Ол - 330 орынға лайықталған, бір орын бағасы 4-5 мың теңге болмақ.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары