«Көзге көрінбесін»: енді валютаның бағамы туралы ақпарат бұрынғыдай көшеде жарқырап тұрмайды
Ұлттық банктің тиісті қаулысы күшіне енді

Ұлттық банктің 2025 жылдың 23 маусымдағы қаулысына сай, бүгін, 9 қыркүйектен бастап Қазақстанда шетелдік валютаның бағамы туралы ақпарат көшеге ілінбейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Яғни, айырбастау пунктері бұрынғыдай ғимараттың сыртына валюта бағамы туралы ақпаратты үлкен таблоға іліп қоя алмайды.
Қаулыға сай, шетелдік валютаны сатып алу немесе сату туралы курстың бағамы туралы стенд айырбастау пунктінің ішінде немесе кассасының жанына ілінеді. Валюта бағамы туралы стендті айырбастау пунктінің сыртына, соның ішінде ғимарат пен құрылыстың шатырына, сыртқы жақтарына ілуге тыйым салынады.
«Егер айырбастау пункті көпфункционалды мақсаттағы ғимарат ішінде, соның ішінде іскерлік орталықтарда, теміржол вокзалдарының, казино, халықаралық әуежайлар мен аэровокзалдардың, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль, теңіз және өзен өткізу пункттерінің аумағында орналаспаса, айырбастау пункті үй-жайынан тыс ашық кеңістікте көзге көрінбеуі тиіс», - деп жазылған Ұлттық банктің қаулысында.