Үкімет Ұлттық қорға тағы қол салады
Экономиканың жоғары технологиялық салаларына инвестициялау бағдарламасы әзірленеді

Қазақстан Үкіметі экономиканы екі есе өсіру үшін басты салаларға қомақты инвестиция құяды. Қаражат Ұлттық қор мен банктерден тартылады. Бұл туралы вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай екі есеге арттыруды көздеп отыр. Осыған байланысты жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жоғары экспорттық өндірістер құруға болатын бірнеше сала таңдалды. Олар: автомобиль жасау, теміржол машиналарын жасау, химия өнеркәсібі және мұнай-химия, сирек кездесетін металдарды қоса алғанда минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу.
Жұманғариннің айтуынша, бұл салаларда еңбек өнімділігі дүние жүзінде өңдеу өнеркәсібі бойынша өнімділіктің орташа деңгейінен едәуір асады және тиісінше экономиканың өсуіне ықпал етеді.
«Осы өлшемшарттарды ескере отырып, салалық министрліктер әкімдіктермен бірлесіп нарықты нақты түсінумен, инвестиция қажеттіліктерімен, жобалардың болжамды географиялық орналасуына қарай жобалар тізбесін айқындау бойынша жұмыс жүргізеді. «Инвестицияларға тапсырыс» жобаларының жалпы жоспарланған сомасы 5 трлн теңгеден асады. Талдау, құрылымдау және инвесторларды тарту бойынша жұмысты «Бәйтерек» холдингі жүргізеді. Ұлттық банкпен бірлесіп, 1 млрд АҚШ долларына дейінгі бюджетпен Экономиканың жоғары технологиялық салаларына инвестициялау бағдарламасы Ұлттық қор мен екінші деңгейлі банктердің қаражатын тартумен әзірленеді», - деді Жұманғарин Үкімет отырысында.