ЖИ саласындағы мамандар үшін күрес күшейіп келеді дейді ол
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева елімізде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат елімізде жасанды интеллект мәселесі мемлекеттік деңгейде бұрыннан күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.
«Бұл технологияға бүгінгі ұстанымымыз елдің алдағы 5-10 жылдағы экономикалық болашағын айқындайды. Сондықтан президентіміздің бұл бағыттағы көреген саясаты елімізді болашақта елеулі нәтижелерге жеткізеді деп ойлаймын. Қазақстан ең ірі генеративті модельге ие негізгі ел болмайтыны түсінікті, ондай мемлекеттер санаулы ғана. Бірақ біз үшін нишалық көшбасшылықты иелену – стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Бұл қадамның нәтижесін дәл қазір толық сезінбеуіміз мүмкін, алайда бірнеше жылдан кейін бүгінгі бастамалардың ел үшін қаншалықты қажет болғанын анық аңғарамыз», - дейді Смышляева ел президентінің Қазақстан халқына жолдауынан кейін.
Депутат жасанды интеллект саласында кадр даярлау жұмысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Қазақстан мектеп пен ЖОО деңгейінде жасанды интеллектіні қолдануды үйретуді қолға алды. Айтуынша, бұл балалардың сыни ойлауын дамытуға, дұрыс сұрақ қоюға (prompt engineering) және технологияны сауатты қолдануға бағытталған.
«Алайда әлемде басты сын-қатердің бірі – мамандар үшін күрестің күшеюі. Жасанды интеллект қаншалықты маңызды болғанымен, шынайы құндылық – адамның табиғи ақыл-ойы. Себебі тиімді AI үлгісін жасау үшін дұрыс қойылған міндет 95% табысты қамтамасыз етеді, ал қалған 5% ғана – техникалық жұмыс. Сондықтан мамандарды даярлау мен ұстап қалу – маңызды міндет», - деген ол ЖИ бойынша халықаралық сарапшылар арасында қазақстандықтар әжептәуір көп екенін айтты.
Бүгін Қазақстан халқына Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынды.