Ол Yutong маркалы автобустар мен арнайы техника өндірісіне қаражат салатын инвесторлармен кездесті
Роман Скляр мен Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының жол құрылысы және инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Премьер-министрдің ресми сайты.
Роман Скляр Қарағанды-Теміртау автомобиль жолының учаскесін қарап шықты. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын бір ай ішінде аяқтауға уәде берді. Жол алты жолақты болады. Күн сайын осы жол арқылы 20 мыңнан астам автокөлік өтеді. Вице-премьерге Қарағандыдағы жаңа жолдар туралы баяндалды. Биыл жалпы ұзындығы 48,3 км құрайтын Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау жоспарланған.
«Сондай-ақ, Роман Скляр Yutong маркалы автобустар мен арнайы техника өндірісіне қаражат салатын инвесторлармен кездесті. Кәсіпорын бұрынғы РТИ зауытының базасында жұмыс істейтін болады. Қазір құрылыстың бірінші кезеңі басталды. Өндірісті іске қосу және алғашқы автобустарды шығару биылғы жылдың желтоқсан айына белгіленген. Зауыттың қуаттылығы жылына 1 200 автобус және 500 арнайы техника мен арнайы көлік шығарудан тұрады. Жаңадан 400 жұмыс орны құрылады»,- делінген хабарламада.
Нысанды аралау барысында Роман Скляр мен Жеңіс Қасымбек Автобустар өндірісі бойынша инвестициялық жобаны іске асырудың жол картасына қол қойды.
Сапар барысында Қарағанды–Балқаш автожолы, ұзындығы 363 км болатын «Орталық – Оңтүстік» дәлізін қайта жаңарту барысы тексерілді. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ Роман Скляр мен Жеңіс Қасымбек «Күрті-Бурылбайтал» учаскесінің қайта жаңартылу жұмыстарымен танысты. Мұндағы жөндеу жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр.