Ауылдағы әрбір үшінші әйел бизнес туралы ойламайды
Өйткені табыс аз, банктер несие бермейді деген пікірде
Бұл туралы Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы жүргізген арнайы сауалнама нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Зерттеу қорытындысын таныстырған Қазақстан әйелдері аграрлық одағының атқарушы директоры Ләззат Асқарованың айтуынша, орталық ауыл әйелдерінің бейнесін жасауды көздеген.
«Сауалнамаға ең шалғай ауылдардан тартып 1500 әйел қатысты. Нәтижесінде олардың табыс тауып пен бизнес ашу үшін несие алуға болатынына сенімдерінің төмен екенін анықтадық», – дейді Ләззат Асқарова.
Мысалы, ауыл адамдарының 50%-ы жан адам басына шаққанда 3 мыңнан – 30 мың теңгеге дейін табыс табады. 50 мыңға дейін табыс табатындар 25%. Сонымен қатар ауыл әйелдерінің 25%-ы үй шаруасында, 22%-ы бюджеттік салада, 17%-ы жеке салада, 12%-ы зейнеткерлер. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 7,2%. Уақытша жұмыссыздар 8,2%.
«Мұндай зерттеулер ауылда проблеманың көптігін көрсетеді. Ең жағымсыз көрсеткіш - ауыл әйелдерінің 90% еңбекпен қамтуды арттыру бағытындағы мемлекеттік шараларға мүлдем қатыспаған. Ал қалған 10%-ы бюджетте жұмыс істейтіндер мен мұғалімдер. Оларға бизнес бағытындағы шаралар қажет емес», – дейді спикер.
Зерттеуге қатысқан әйелдердің тек 13%-ы ғана несие алатынына сенімді. 27% алуға мүмкіндігі бар деп есептейді. Қалғанының қарыз алатынына мүлдем сенімі жоқ. Әрбір үшіншісі ауылда табыс аз, банктер несие бермейді деп ойлайды. Өйткені олардың 15%-ның микро және басқа қарызы бар. Яғни, бизнес туралы ойлауға мұршасы жоқ.
«Біз сондықтан ауыл әйелдерін тәжірибелік тұрғыдан оқытуды ойластырып отырмыз. Қазір ауылда дүкеннің сүтін сатып алады. Біздің мақсатымыз - ауыл әйелдерін өз өнімдерін тұтынумен қатар бизнеспен айналысып, өзін-өзі қамтамасыз етуге бағыттау. Бұл әйелдердің өзін-өзі бағалауын ғана арттырмайды, ауылшаруашылығының да дамуына ықпал етеді», - дейді Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағының атқарушы директоры.
Ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдау тақырыбындағы брифингте «Жасыл экономика» және G-Global дамыту коалициясының басқарма төрағасы Салтанат Рахымбекова мұндай бастамаларды қолдайтынын айтты. Оның сөзінші коалиция әйелдер кәсіпкерлігін дамытумен 7 жылдан бері айналысып келеді. Олар 8 бағыт бойынша көмек көрсетеді. Атап айтсақ, ауыл әйелдерін оқыту, бизнес жобалар жасауға жәрдемдесу, сол арқылы конкурстарға қатысуға, грант алуға, мемлекеттік көмекті алуға бағыт сілтеу.
«Маусым айынан бастап блиц-тренинг өткізе бастадық. Мақсатымыз 14 облыстағы 10 мың ауыл әйелін қамту. Бұл мақсатта «Жеке қосалқы шаруашылық» атты онлайн мектеп аштық. Бұған дейін «Ауыл өнімі» жобасын іске қосып, 7 облыста «Жасыл технология» орталығын аштық. Ауыл әйелдерінің форумын өткізіп жүрміз. Табысты 100 ауыл әйелі туралы арнайы кітап шығарамыз. Мұның бәрі ауыл тұрғындарын оның ішінде әйелдерді қолдауға бағытталған», – дейді каолицияның басқарма төрағасы
Спикерлердің айтуынша «Жеке қосалқы шаруашылық» фермерлік онлайн-мектебінде кез келген адам жылыжайда саңырауқұлақ, көкөніс өсіру, құс өсіру, ара шаруашылығы және басқа да пайдалы істер бойынша тегін оқи алады.
«Мұндағы мақсатымыз – ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысып, табысының артуына ықпал ету. Бұл бағытта әр облыста біздің табысты кейіпкерлеріміз бар. Яғни, қарапайым адамдар да табысты кәсіпкерге айнала алады», – дейді спикер.