$ 510.19  582.79  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанның 17 өңірі республикалық бюджет есебінен күн көріп отыр – Еспаева

Қазір үш өңір ғана донор саналады

Қазақстанның 17 өңірі республикалық бюджет есебінен күн көріп отыр – Еспаева
Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева еліміздің он жеті өңірі республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің есебінен күн көріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірлерге бөлінетін қаражат мөлшері артып барады

Еспаеваның айтуынша, қазір Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары донор деп танылған. Қалған 17 өңір субвенциялық, олар өз шығыстарын өтеу үшін республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттердің едәуір көлемін алады.

«Осы үш донор өңірден республикалық бюджетке 2024 жылы 470 млрд теңге түскен, ал республикалық бюджеттен аймақтарға субвенция түрінде 5,3 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Айырмашылықты өздеріңіз көріп отырсыздар. Іс жүзінде барлық өңір республикалық бюджет есебінде деуге болады. Осы жерде айту керек, жергілікті бюджеттердің кірістері соңғы 6 жылда 3 есеге өскеніне қарамастан, республикадан өңірлерге берілетін субвенция көлемі де артып отыр», - дейді Еспаева Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Егер 2014 жылы субвенция көлемі 978 млрд теңгені құраса, 2024 жылы 5,3 трлн теңгеге жеткен. Яғни, 10 жыл ішінде 5 еседен асқан, дейді спикердің орынбасары.

«Бұдан басқа, республикалық бюджеттен әлеуметтік нысандар салу сияқты өңірлердің инфрақұрылымына жұмсалатын нысаналы даму трансферттері де бар. Дегенмен, өңірлерді инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі, яғни теңестіру болмай отыр. Бұл аймақтардың ішкі өңірлік өнім сияқты экономикалық даму көрсеткіштерінен де байқалады. Мәселен, бүгінде олардың арасында жан басына ішкі өңірлік өнім алшақтығы 10 еседен асады», - дейді ол.

Әкімдіктер кірістерін әдейі азайтып көрсете ме

Дания Еспаева жергілікті атқарушы органдардың кірістерді болжауына қатысты сұрақтар барын айтады.

«Жіберілетін трансферттерді есептегенде өңірлердің өз болжамдары алынады, ал бөлінетін трансферттердің көлемі соларға тәуелді екені белгілі. Бірақ мұнда нақты асыра орындаушылық байқалады, тіпті, жекелеген жерлерде 40%-ға дейін жетеді. Сонда бұл жоспарлаудағы қателіктер ме, әлде орталықтан үлкен қаражат алу үшін кірістер болжамын әдейі төмендету ме деген сұрақ туындайды», - дейді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Серіктес жаңалықтары