ЖАП-тың аудитінен кейін бюджетке 135 млрд теңге қайта түскен
Мекеме бұл рекордтық көрсеткіш дейді

Жоғары аудиторлық палата 2019 жылдан бастап 2025 жылғы І тоқсанға дейін жүргізілген тексерістердің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Рекорд жылы
ЖАП атқарылған жұмыстардың нәтижесі жағынан 2024 жыл рекордтық жыл болғанын атап өтті. Себебі былтыр ең көп заң бұзу фактілері тіркеліп, бюджетке ең көп қаражат қайтарылған және тексерістердің ауқымы соңғы алты жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.
«Өткен жылы 27 аудиторлық іс-шара өтті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 35 пайызға көп. Аудит барысында 214 нысан қамтылып, тексерілген қаражаттың жалпы көлемі 10,6 трлн теңге болды. 862 млрд теңгеге жуық заңбұзушылықтар анықталды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65% көп және қарастырылып отырған кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш», - дейді ЖАП.
2024 жылы аудит қорытындысы бойынша бюджетке 135 млрд теңге, яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 есе көп қаражат қайтарылған. 2023 жылы 27,8 млрд теңге, ал 2022 жылы 16,6 млрд теңге қайтарылған болатын.
ЖАП басқару процестерін жүйелі дамыту мақсатында Үкіметке 126 ұсыным жолдап, аудит нысандарына 678 тапсырма берді.
ЖАП 5,9 трлн теңгенің қалай жұмсалғанын тексерді
Осы жылдың бірінші тоқсанында Жоғары аудиторлық палата 24 нысанда 4 аудит жүргізген. Тексеріс аясында 5,9 трлн теңге қамтылды.
«355 млрд теңгеге заң бұзылған. Оның ішінде 3,3 млрд теңге – қаржылық заңбұзушылықтар, 287,6 млрд теңге – мемлекет қаражаты мен ресурстарын тиімсіз пайдалану, 64,6 млрд теңге – жоспарлау кемшіліктері. Қалпына келтірілуге тиіс 3,3 млрд теңгенің 1 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды», - делінген хабарламада.
Аудит қорытындысы бойынша ЖАП Үкіметке 32 ұсыным жолдап, аудит объектілеріне 159 тапсырма берген. Олардың толық орындалуын Жоғары аудиторлық палата өзі бақылайды.
Жалпы биыл ЖАП шамамен 30 аудитты аяқтауды жоспарлап отыр.