ҚТЖ өзі 30 теңге тұратын тұздың экспортын үш есеге қымбаттатып жіберді – депутат

Автор: Бақыт Шынар

Оның айтуынша, экспортталатын өзге тауарлардың тарифі бұдан аз

Фото: railways_kz / Telegram

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев тұз нарығында туындаған өткір мәселені қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін тұз өте сапалы, сондықтан оған ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұраныс көп. Нақты фактілерді атаған ол елімізде өндірілетін  2 млн тоннаға жуық ас тұзы мен техникалық тұздың 85 пайызы экспортталады.

«Демек, тұз өндірісінің негізгі пайда көзі экспорттан ғана түсіп отыр десек болады. Экспорт болмаса қаншама мекемелер адам санын қысқартып, тұз зауыттары тоқтатуға мəжбүр болуы мүмкін. Тұз саласында қызмет ететін адамдардың саны 3000-нан асады. Қаншама бизнес осы тұз компанияларына қызметтерін жасап, дамып жатыр. Қазақстандық компанияларындағы тұз экспортының жалпы айналымы шамамен 35 млн АҚШ долларын құрайды», - деген ол осы негізгі пайда көзі болып отырған экспортты «Қазақстан темір жолы» компаниясы аяқтан шалғанын атап өтті.

Яғни, депутаттың айтуынша, ұлттық тасымалдаушы компания экспорттың тарифін бірден үш есеге қымбаттатып жіберген.

«2025 жылдың 7 наурызынан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның №2 бұйрығына сəйкес экспорттық бағыттағы магистральдық теміржол желісінің тарифін 3 есеге қымбаттатты. Бірақ, магистральдық теміржол желісінің тарифі барлық тауарларға бірдей өспеген. Мысалға, мұнай өнімдеріне 1,44 есеге, газға 1,51 есеге өссе, дəнді дақылдарға өспеген болса, ал əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына жататын тұзға 3 есеге өсіп тұр», - дейді ол.

Ергешбаев мұнай өнімдері, газ, түрлі түсті метал жəне тағы басқа тауарларға қатысты бұндай тариф қатты әсер ете қоймайды дейді.

«Бағасы шамамен 30 тг құрайтын ас тұзы мен бағасы 12-15 теңге құрайтын техникалық тұз сияқты арзан тауарлар үшін тарифтің қымбаттауы бағаға қатты əсерін береді. Тұздың тасымалдану құны, тұздың өз бағасынан қымбат шығып тұр. Ас тұзы əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар тізіміне енгізілген жəне Үкіметпен бұл өнімге ең төмен баға бекітілген», - дейді ол.

Осылай деген депутат премьер-министрдің орынбасарынан теміржол желісімен тасымалдау тарифін қайта қарауды сұрады.