Үкімет осы қызметкерлер үшін жеке табыс салығын 15%-ға дейін көтермек
Қазақстанда жылдық табысы 33 млн теңгеден асатын қызметкерлер үшін жеке табыс салығының прогрессивті ставкасы енгізіледі. Azattyq Rýhy тілшісі ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннен жаңа норма кімдерге қатысты болатынын сұрап білді.
Ұлттық экономика министрлігі салық органдарынан жалақысы жоғары қазақстандықтар туралы ақпарат сұратқан. Азамат Әмриннің айтуынша, ай сайын 3 млн теңге айлық алатын 26 мың азамат бар.
«Бізде қазір 3 млн теңгеден жалақы алатын 26 мың адам бар. Көбі қаржы секторы, тау-кен және мұнай секторында жұмыс істейді», - деді ол Мәжіліс кулуарында.
Жалақысы көп азаматтар арасында министрлер мен депутаттар бар ма деген сұрағымызға вице-министр:
«Әрине, бар», - деп жауап берді.
Айтуынша, Үкімет қаулысында тиісті нормативтер анық бекітілген. Егер шенеуніктің жұмыс өтілі көп болса, оның жалақысы осы критерийлерге кіруі мүмкін.
Бұған дейін жоғары жалақы алатын қазақстандықтар көбірек салық төлейтінін хабарлаған едік. Үкімет салық реформасы аясында жеке табыс салығының прогрессивті ставкасын енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатын (яғни 33,4 млн теңге) қызметкерлер үшін ставка 15% болады.