Осы қаражатқа локомотивтердің мотор майын сатып алмақ болған
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясы өз конкурсына өзге компанияларды әдейі қатыстырмай, тек бірғана «HILL Corporation» компаниясымен келісім жасай отырып, 12 млрд теңгенің тендерін өткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, бұл келісім бәсекелестік ережелерін өрескел бұзған құжат. Агенттік арнайы тергеп-тексеру өткізіп, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясының былығын әшкере етті.
«Тергеп-тексеру барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясы локомотивтерге арналған мотор майларын сатып алу кезінде әлеуеті жететін жеткізушілерді лайықты көрмей, арнайы шарттар қолданғаны белгілі болды. Бұл басқа компаниялардың тендерге қатысуына кедергі келтіріп, бастапқыдан-ақ HILL Corporation компаниясының мүддесіне жұмыс істеуіне бағытталған әрекеттерді айқындады», - деп жазған агенттік.
Бұнымен келіспеген компания Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өзін сотқа берген екен. Алайда, Жоғарғы сот екі компанияның сөз байласқанын және Бәсекелестікті қорғау агенттігінің тексерісі дұрыс екенін айтқан.
«2025 жылғы 11 наурыздағы Жоғарғы Сот қаулысына сәйкес, жергілікті соттардың «HILL Corporation» ЖШС мен «КТЖ-Жүк тасымалдау» ЖШС қатысты Агенттік тергеп-тексеруінің заңды екені туралы шешімдері өз күшіне енді. Локомотивтерге арналған мотор майларын жеткізу саласында анықталған бәсекелестікке қарсы келісімнің жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асты», - деп хабарлайды агенттік.