$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.05.2020, 18:18
Экономика

Ақмолада құс фабрикалары миллиардтаған теңге субсидия алса да, халық Ресей тауығын жеп отыр

Шетелден келетін құс етінің бағасы отандық өнімнен әлдеқайда арзан

Ақмолада құс фабрикалары миллиардтаған теңге субсидия алса да, халық Ресей тауығын жеп отыр
Фото ашық дереккөзден

Ақмолада құс етін өндіретін кәсіпорындар өңірдің жартысына жуығын өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда, сауда орындарында отандық құс етінің қарасы көрінбейді. Болса да бірлі-жарым ғана сауда нүктелерінде сатылуда. Бағасы удай. Келісі 1200-1300 теңгеден. Есесіне, АҚШ пен Ресейден келетін тауық етінің саудасы қызып тұр. Олардың құны келісіне 650-700 теңгеден аспайды. Тиісінше, қарапайым халық қалтасына қарай арзанына жүгіреді.

Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сенсек, өңірде жылына 45 мың тоннадан астам құс еті өндіріледі екен. Сондай-ақ, Қарағанды мен Өскеменнен құс өнімдері жеткізіледі. Соған қарамастан, шетелдік құс етінің импорты әлі күнге отандық өнімдерді сауда сөрелерінен ығыстырып тұр. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанға жылына 170 мың тоннадан астам шетелдік құс еті импортталады. Оның елу пайыздан астамы Ресейден әкелінсе, 35-40 пайыздайы АҚШ-та өндірілген құсеті. Өңірдің құс фабрикалары мен кәсіпорындары бәсекеге төтеп бере алар емес.

ҚҰС ЕТІНІҢ ҚҰНЫ ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫНА ТӘУЕЛДІ

Отандық өнімнің шетелдік өнімдерге тойтарыс бере алмауына не себеп? Бұл мәселеге Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары өз пікірін білдірді.

«Отандық өнімдердің нарықтан ойып орын алуына кедергі көп болып тұр. Бұл тек құс етіне ғана емес, ауылшаруашылық өнімдерінің басқа да түрлеріне қатысты. Басты кедергілердің бірі – жанар-жағармай бағасының қымбат екені. Бензин мен солярканың қымбаттауы доллар құнының көтерілуінен де зиянды. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер жанармайды қымбат бағада алады. Қысқасы, жанармай нарығында бағаны реттемей, проблеманы шешу мүмкін емес», - дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Мұрат Іргебаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге жанармайды арзандатып, литрін 165 теңгеден асырмай сатуға тапсырма берген болатын. Алайда, бұл отандық өнімдердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне онша әсер ете қоймады.

«Мұнай өндіретін Қазақстанның үш зауытынан жанар-жағармай өнімдері жергілікті операторларға қымбат бағада жеткізіледі. Сондықтан жергілікті жерлерде жанармай құю станциялары бағаны қымбаттатуға мәжбүр. Монополияға қарсы комитет, Энергетика және Сауда министрліктері жанармай бағасын реттеуде тиісті шаралар қабылдап, реформалар жасаса, бұл мәселе шешімін табар еді», - деді М. Іргебаев.

ХАЛЫҚ ШЕТЕЛДІҢ «ОКОРОЧКАСЫН» ЖЕЙДІ

Ақмола облысында жергілікті құс фабрикаларының өнімдері дефицит емес, тек оның бағасы қымбат болғандықтан сұранысқа ие болмай отыр. АҚШ пен Ресейден тасымалданатын тауық аяқтары әлдеқайда арзан, сондықтан халық та соны сатып алуға мәжбүр.

«АҚШ пен Ресейден келетін құс етін халық көп тұтынады. Сондықтан тапсырысты да көбірек береміз. Өйткені, бағасы отандық құс етіне қарағанда айтарлықтай төмен. Көтерме бағамен – 650 теңгеден, ал жекелей 730 теңгеден сатудамыз. Жергілікті өнімдерді сатып алмаймыз. Өйткені, бағасы қымбат. Шетелдік «окорочканың» шамамен 50-60 келісі бір күнде сатылып кетеді. Егер қымбат болмаса, жергілікті құс етін ойланбастан сатар едік», - дейді Мария Петрова есімді саудагер.

Ақмола облысында құс етін өндіретін негізгі екі ірі кәсіпорынның бірі – «Макинск құс фабрикасы» болса, екіншісі – «Капитал проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

«Біз қазір жылына 25 мың тоннаға дейін құс етін өндірудеміз. Биыл өндірістік қуаты осыған шамалас болатын жанама құс фабрикасын ашуды жоспарладық. Жоспар жүзеге асса, біз еліміздегі және Орталық Азиядағы құс өндіретін аса ірі кәсіпорынға айналамыз. Кәсіпорын Қазақстанның ішкі нарығын 15 пайызға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, құс етіндегі импорт үлесін қазіргі 50,4 пайыздан 32,6 пайызға дейін қысқарады», - дейді «Макинск құс фабрикасы» кәсіпорнының басшылығы.

ҚҰС ФАБРИКАЛАРЫ МЕМЛЕКЕТТЕН МИЛЛИАРДТАП СУБСИДИЯ АЛАДЫ

Өңірдегі құс өндірісін дамытуда облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы қыруар қаражат бөлініп жатқанын алға тартты. Алайда, құс етінің импортына тосқауыл қоюға жергілікті кәсіпорындардың шамасы жетер емес.

«Құс шаруашылығымен айналысатын өндіріс орындарына мемлекеттен субсидия беріледі, ірі кәсіпорындарға өнімнің әр келісіне – 80 теңгеден, шағын фермаларға – 50 теңгеден ьеріледі. Мәселен, былтыр Макинск құс фабрикасы – 32 мың тонна, «Капитал Проджект» құс фермасы 18 мың тонна құс етін нарыққа шығарды. Тиісінше, Макинск құс фабрикасы – 2,4 миллиард теңге, ал «Капитал Проджект» 1,44 миллиард теңге субсидия алды. Негізінен ет өнімдері Қазақстанның бірнеше облысына, сонымен қатар, Ресей мен Қырғызстанға экспортталуда.

Былтыр жалпы 450 тонна құс еті экспортталса, биыл бес айда 130 тоннасын шетелге саттық. Бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан алдымен ішкі нарықты қамтып, кейін шетелге шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал импорттың көлемі экспорттан бірнеше есеге көп. Мәселен, тек биылдың өзінде шетелден 3100 тонна құс етін сатып алдық. Оның 2100 тоннасы Ресей мен АҚШ-тан тасымалданған», - деді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов.

Мемлекеттен жыл сайын миллиардтаған теңге субсидия алып отырған ақмолалық құс фабрикалары шетелдік бәсекелестерін нарықтан ығыстырып шығарамыз дегенді айтып отыр.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары